Қазақстанда көлік импортын реттейтін жаңа талап күшіне енді

29.09.2026 20:54

Бұдан былай жеке пайдалануға жылына бір ғана автокөлік әкелуге рұқсат етіледі

Қазақстандықтар енді шетелден бес жылдан асқан көліктерді елге кіргізе алмайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінен мұндай автомобиль әкелінген жағдайда, оның электрондық паспортына «аяқталмаған» деген мәртебе беріледі. Мұндай көлікті Қазақстанда алғаш рет есепке қою мүмкін болмайды.

Импортқа қатысты жаңа талап 26 қыркүйектен бастап күшіне енді. Енді шығарылғанына бес жылдан асқан, яғни 2021 жылға дейін өндірілген автомобильдерге электрондық паспорт рәсімделмейді.

Жаңа талап мұнымен шектелмейді. Бұдан былай жеке пайдалануға жылына бір ғана автокөлік әкелуге рұқсат етіледі. Қажет болған жағдайда салмағы 3,5 тоннаға дейінгі тіркемені немесе автокөлік-үйді қосымша әкелуге болады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі жаңа тәртіптің Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 23 қыркүйектегі №474 бұйрығына сәйкес енгізілгенін хабарлады.

«Жеке пайдалануға арналған автокөліктерге электрондық паспорт көлік шығарылған күннен бастап бес жылдан аспаған жағдайда ғана рәсімделеді», – делінген комитет хабарламасында.

Автосарапшылардың айтуынша, бүгінде Қазақстанда шамамен 6 миллион автокөлік бар. Мамандардың бағалауынша, олардың жартысына жуығы тозған. Ал 30 жылдан асқан көліктердің үлесі 40 пайыздан асады.

Автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, жаңа талап ескі әрі жарамсыз көліктердің елге көптеп әкелінуіне шектеу қояды.

«Бес жылдан аспаған көліктер дегеніміз не? Бұл – ескі әрі жарамсыз көліктерді елге көптеп әкелуге жол берілмейді деген сөз. Соның арқасында еліміздегі автокөлік паркі жаңара түседі. Мұндай өзгеріс көлік паркін жаңартуға оң әсер етеді. Ал автокөліктер жаңарған сайын жолдағы қауіпсіздік те артады», – деді автосарапшы.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа талаптар көлік бағасының өсуіне алып келуі мүмкін. Осыған байланысты тұрғындардың пікірі де екіге бөлінді. Бірі өзгерісті қолдаса, енді бірі көлік бағасының қымбаттауына алаңдайды.

«Дұрыс деп ойлаймын. Заман жаңарып, дамып келе жатыр. », – деді қала тұрғыны Ерлан Байбосынов.

Ал Дастан Орынбасаров бұл шектеуге қарсы екенін айтты.

«Біздегі көліктер өте қымбат. Сондықтан шетелден көлік әкелуге мүмкіндік болғаны дұрыс. Мысалы, адам басына бір көліктен болса, жақсы болар еді. Бір адам бірнеше көлік кіргізетін болса, қазірдің өзінде Қазақстанда көлік саны көп. Одан сайын көбейіп кетуі мүмкін», – деді қала тұрғыны.

Айта кетейік, қыркүйек айынан бастап автокөлікті кедендік рәсімдеуге қатысты тағы бір талап күшіне енді. Енді кәдеге жарату алымын төлеуге қажетті құжаттар жолаушылар кедендік декларациясын тапсырғанға дейін кедендік бақылау аумағында рәсімделуі қажет.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Almaty TV, Астана.

Толық көрсету