Жиында көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар да өзара пікір алмасты
«Мемлекеттілік – билік емес, ұлттың ұзақ мерзімді өміршеңдігі үшін жауапкершілік». Бұл туралы Астанада өткен қоғамдық-саяси конференцияда айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азамат Әміртаевтың айтуынша, мемлекеттілік идеясы қоғамды біріктіріп, халықтың бойында патриоттық рухты күшейтуге ықпал етеді. Бұл – ұстаным елді кез келген сын-қатер мен қиын кезеңдерден алып шығатын негізгі құндылықтардың бірі. Жиын барысында қатысушылар Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған саяси бағдардың маңызын талқылады. Конференция аясында шетелдік тәжірибелер де кеңінен сараланып, түрлі мемлекеттердің қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету және азаматтық жауапкершілікті арттыру бағытындағы үлгілері ортаға салынды.
«Әлемде мемлекетшілдік позициясын ұстанған мемлекеттер бар. Олардың экономикадағы жетістігі үлкен. Оның бірі – Сингапур. Ол мемлекетшілдік позицияны ұстанып, әлемдегі экономикасы ең мықты мемлекет құрды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы, саяси еркіндік барда Қазақстанды осы бағытта дамытуға мүмкіндік бар», – деді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.
Жиында көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар да өзара пікір алмасты. Олар мемлекеттілік идеологиясының қоғам дамуына, ұлттық құндылықтарды нығайтуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қалай әсер ететінін талдады. Сарапшылардың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау мәселесі тек экология саласының емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналуы тиіс. Осы ретте экологиялық стартаптарды дамыту, жасыл технологияларды өндіріске енгізу және азаматтардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру маңызын атап өтті.
«Экологиялық стартаптардың пайда болуына жағдай жасау өте маңызды деп есептеймін. Бұл – конференциядағы негізгі ұстанымның бірі. Әрине, тек экологиялық ғылымды дамытып, жаңа технология ойлап табу жеткіліксіз. Ең бастысы – сол технологияларды өмірде қолдануға мүмкіндік жасау. Қазір Қазақстанда мұндай жобаларды енгізудің белгілі бір тетіктері бар. Бірақ оларды әлі де кеңейтіп, дамытып, күшейту қажет», – деді Технологияларды коммерцияландыру саласындағы кәсіби мамандар альянсының жетекшісі Арын Өрсариев.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі AMANAT партиясы алаңында тұрғындарды қабылдады