Жаңа Конституция жобасына теңгені ұлттық валюта ретінде бекітетін норма енгізілді – Бақыт Нұрмұханов

t.me/consot_kz
t.me/consot_kz

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Қазақстан азаматтары қос немесе көп азаматтық ала алмайтыны туралы да айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасын жетілдіру барысы мен жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде енгізілген негізгі өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап әртүрлі арналар арқылы 4 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Бақыт Нұрмұханов атап өткендей, Конституциялық комиссия барлық ұсыныстар, пікірлер мен ескертулерді мұқият зерделеп жатыр.

«Талдау көрсеткендей, олардың бірқатары назар аударуға тұрарлық және баптардың мазмұнын толықтырады, кепілдіктерді күшейтеді, құқықтық нормалардың тұжырымдамасын жақсартады, сондай-ақ айқындық пен құқықтық нақтылықты арттырады», – деді Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияның кезекті отырысында.

Дәлірек айтқанда, теңгені ұлттық валюта ретінде конституциялық тұрғыда бекіту ұсынысын жүзеге асыру үшін 2-бап жаңа тармақпен толықтырылды. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) – теңге. Теңгені эмиссиялаудың айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі. Спикердің айтуынша, азаматтардың өтініштерінде де осындай ұсыныстар болған.

Бұл баптың 6-тармағы 7-тармақ болып өзгертіліп, жоба редакциясында мынадай мазмұнда сақталады: «Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді».

«6-бапта мемлекеттік органда саяси партия ұйымын құруға жол берілмейтіні туралы норманы 1-тармақтан 2-тармаққа өзгеріссіз ауыстыру ұсынылып отыр. Бұл норма аталған баптың 2-тармағының ережелерін логикалық тұрғыдан толықтырады, онда мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейтіні жазылған», - деп хабарлады Бақыт Нұрмұханов.

Конституция жобасының азаматтық мәселелеріне арналған 12-бабы да нақтылауды қажет етеді деген ұсыныстар айтылуда. Атап айтқанда, 3-тармаққа Қазақстан Республикасының азаматы қос азаматтыққа немесе көп азаматтыққа ие бола алмайтыны, ал өзге азаматтықтың болуы заңда көрсетілген тәртіп пен шарттарға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болатыны туралы норма енгізіледі.

Енгізілген ұсыныстар ішінде Конституцияда әрбір адамның мемлекеттік билік органдары мен олардың қызметшілерінің заңсыз әрекеттері салдарынан келген залалдың өтемін алуға құқығын бекіту де ерекше қызығушылық тудырған.

«Қылмыстық-процестік кодексте қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттерінен келтірілген залалды өтеу тәртібін реттейтін 4-тарау қарастырылған. Ондағы ережелерге сәйкес, заңсыз ұстау, қамауда ұстау, үйқамаққа алу, қызметінен уақытша шеттету, арнаулы медициналық ұйымға орналастыру, соттау, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану салдарынан келтірілген залал қылмыстық процесті жүргізетін органның кінәсіне қарамастан толық көлемде бюджет қаражаты есебінен өтеледі», – деп атап өтті спикер.

Сонымен бірге, ол Конституция жобасының 18-бабы нақтыланғанын айтты. Жаңа редакцияға сәйкес, сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімдерден артық ұстауға болмайды. Сөз соңында Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасын жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.

Оқи отырыңыз: Бибігүл Жексенбай: Жаңа Конституция жобасын талқылау - бүкіл қоғамның ісі

Новости партнеров