Мемлекет басшысы бұл ұстанымның жаңа Конституция жобасында көрініс тапқанын атап өтті
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің адам капиталын дамыту бағытында жүргізіп жатқан саясатының нәтижесі халықаралық деңгейде көрініс таба бастағанын айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары бұл салаға салынған ірі инвестициялар нақты нәтижесін беруде, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан адам капиталын жаһандық бағалаудағы позициясын айтарлықтай нығайтып, 160-тан аса елдің арасында 42-орынға табан тіреді. Бұл кездейсоқ емес.
Соңғы жылдардағы ауқымды мемлекеттік инвестициялар қазірдің өзінде жеміс беріп, стратегиялық тиімділігін көрсете бастады. Аталған беделді индексте Қазақстанның жоғары көтерілуі мемлекеттік саясаттың ұзақмерзімді қисынға әрі нақты басымдықтарға сүйенетінін көрсетеді. Бұл дегеніміз – ұлт саулығын нығайту, білім сапасын арттыру, балалар мен жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейту, ғылымды, мәдениетті, спортты қолдау, озық инновацияға, цифрландыруға ден қою, жасанды интеллектіні енгізу, жайлы әлеуметтік және кәсіпкерлік орта құру.
Мемлекет осы және басқа да салаларды дәйекті түрде дамытып келеді. Сол арқылы азаматтардың әлеуетін өркендетуге жол ашады. Бұл – біздің түпкілікті таңдауымыз. Себебі жаңа заманда халқының келешегін кемел етуге ұмтылған мемлекеттер ғана ұтады. Жиындарда, Үкімет отырыстарында, еңбек ұжымдарымен кездесулерде бос мақтаннан, тоқмейілсуден аулақ болып, түйткілді мәселелерді ашық айтып, оның шешімін бірлесіп іздеуіміз қажет екенін, алдымызға биік мақсат қою керегін үнемі айтып келемін. Сонда ғана нақты табысқа жете алатынымызға сенімдімін», - деп тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын шетелде де қорғау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы шиеленіс кезінде қазақстандықтарды қауіпсіз жерге көшіру үшін жедел шаралар қабылданған.
«Азаматтарымыз әлемнің қай қиырында жүрсе де, оларға өз мемлекеті – Қазақстан Республикасы қамқор болып, көмек қолын созуға дайын екенін біледі. Бұған жақында Таяу Шығыстағы қақтығыстың ортасында қалған туристеріміз, қажылық сапарға аттанған отандастарымыз, кәсіпкерлеріміз көз жеткізді. Жағдай шын мәнінде күрделі еді. Шиеленіс басталған сәтте өңір елдері басшыларына осынау қиын-қыстау кезде шынайы қолдауымды білдіріп, хат жолдадым.
Бұдан бөлек, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Оман, Сауд Арабиясы басшыларымен телефон арқылы сөйлестім. Сондай-ақ отандастарымызды жедел эвакуациялау тапсырылды. Ел аумағындағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен маңызды инфрақұрылымдарды қорғау, Қарулы күштер мен құқық қорғау ведомстволарында жауынгерлік кезекшілік ұйымдастыру жөнінде міндет жүктедім.
Сыртқы істер министрлігінің жанынан арнайы штаб құрылды. Оның құрамына барлық ведомствоның өкілдері енді. Бұл жұмысқа әуе тасымалдаушы және туристік компаниялар, ерікті демеушілер атсалысты. Штаб тәулік бойы жұмыс істеп, азаматтарымызды аймақтан қауіпсіз жолдармен алып шығуға бар күшін салды.
Қақтығысқа қатысушы тараптар бір-бірінің әскери және азаматтық нысандарын, соның ішінде әуежайларды баллистикалық зымырандармен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен атқылады. Соның салдарынан көптеген елдің әуе кеңістігі жабылды. Кей жағдайда отандастарымызды өзге елдердің аумағы арқылы алып өтуге тура келді. Оларды дипломаттарымыз бен консулдық қызметкерлері қарсы алып, ұшақтарға жайғастырып, елге шығарып салды.
Иранда қалған азаматтарымыз Әзербайжан, Армения және Түрікменстан шекаралары арқылы эвакуацияланды. Елшіліктер ұдайы байланыста болып, тиісті көмек көрсетті. Осы күрделі жұмыстың нәтижесінде 9 мыңға жуық отандасымыз оқ пен оттың ортасынан аман-есен елге оралды. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мұндай жұмыстар Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, мемлекет өз азаматтарын әрдайым қорғауға дайын екенін көрсеткенін айтты.
«Бұған шетелдіктер де назар аударды. Бейбіт күннің өзінде мұндай шараларды ұйымдастыруға көп күш-жігер жұмсау керек. Ал соғыс жағдайында тіпті қиындап, мән-маңызы арта түседі. Осынау стресс-сынақтан сәтті өту Қазақстанның халықаралық аренадағы абырой-беделін асқақтатты десем, артық айтқандық емес. Таяу Шығыс елдерінің басшыларына «кедергісіз дәліз» ұйымдастырғаны үшін тағы да ризашылығымды білдіремін. Отандастарымызды эвакуациялауға көмек көрсеткен барша жанға, мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының қызметкерлеріне алғыс айтамын.
Қандай жағдай болса да, Қазақстан өз азаматтарын ешқашан тағдыр тәлкегіне қалдырмайды. Пандемия кезінде де солай болған. Әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы борттармен мыңдаған отандасымызды елге алдырдық. Шетелдерде қиын жағдай туындағанда да дәл осылай әрекет еттік. Техногендік апат, су тасқыны, өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезінде мемлекет қиындыққа душар болған азаматтарға уәде еткеніміздей қолұшын берді.
«Азаматтарымызды қиын жағдайда қалдырмаймыз». Бұл – жай ғана ұран немесе популизм емес, мемлекеттік саясатымыздың бұлжымас қағидаты. Сондықтан осы ұстанымның жаңа Конституция жобасында көрініс табуы заңдылық. Ата заңымызда: «Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi» деп тайға таңба басқандай анық жазылған.
Барша отандасымызға белгілі ақиқат бар: көк паспорт иелері әрқашан және кез келген жерде мемлекет қорғауында болады. Паспортымыздың қуаты мемлекетіміздің ықпалынан, халқымыздың жасампаз рухынан, заманның озық идеяларын игере алатын қабілетімізден көрінеді», – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж жандарға жеткізу маңызды - Президент