Жастары жұмыспен қамту: Алматыда 12 мыңнан астам тұрғын сұранысқа ие мамандықтар бойынша білімін жетілдірді

12.03.2026 16:00

Былтыр Алматыда 19 мыңға жуық адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген

Былтыр Алматыда 19 мыңға жуық адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Қалалық мансап орталығының мәліметінше, өткен жылы мегаполисте 19 мыңға жуық жас ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Олар – 20-29 жас аралығындағы қала тұрғындары. Мамандардың сөзінше, бұған себеп - практикалық тәжірибенің жетіспеуі.

«Алматы қаласында 14-35 жас аралығындағы 712 мыңнан астам жас тұрады. 2023 жылы білім алмайтын және жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастардың үлесі шамамен 8,3 пайыз болса, 2024 жылы – 6,4 процент, ал 2025 жылы – 5,3 пайыз төмендеді. Сонымен қатар 2025 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 0,3 пайыз азайды», – деді мансап орталығының басшысы Ақарыс Төребеков.

Аталған көрсеткішті төмендету үшін жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар жиі жүргізіледі. Ол үшін арнайы 11 комьюнити орталық қызмет көрсетеді. Онда азаматтар жұмысқа орналасу бойынша кеңес алып, қысқа мерзімді кәсіби курстарға қатыса алады. Сондай-ақ бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, тағылымдамалар мен тәжірибеден өту мүмкіндігі қарастырылған.

«Алматы қаласында жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Жас Алматы.кз» порталы бар. Ол жерде 365 жұмыс іздеуші сервисі мен оқыту жүйесі біріктірілген. Нақты көрсеткіштер бойынша биыл порталға кірген адамдар саны 25-35 мыңға дейін артты. Жұмыс берушілер саны 2100 ден 2500-ге көбейді. Ал бос жұмыс орындары 3100 -ден 3500-ге дейін көбейді», – деді Мансап орталығының бас маманы Манас Жұмахан.

Айта кетейік, мұндай шаралардың нәтижесінде 2023 жылдан бері 60 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылған. Ал биыл жыл басынан бері 18 мың адам кеңес алып, 12 мыңнан астамы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқудан өтті.

Диана Тұрлыбек, Маржан Манапова, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Таразда қызметкерлерге 5 жыл әлеуметтік төлем аударылмағаны анықталды