Гонконгта өткен халықаралық додада спортшыларымыз 7 медаль еншіледі
Жастар арасындағы Азия кубогында ел намысын абыроймен қорғаған дзюдошылар елге оралды. Гонконгта өткен халықаралық додада спортшыларымыз 7 медаль еншілеп, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасын үздік үштікке шығарды. Жеңіспен оралған саңлақтарды Алматы әуежайында жақындары мен жанкүйерлері қарсы алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қолда – медаль, көңілде – қуаныш. Азия төрінде көк байрақты көкке көтерген жас дзюдошылар Алматыға жеңіспен оралды. Әуежайда оларды туған-туыстары, жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. Жеңіс тұғырынан көрінгендер қатарында алматылық Әлихан Айтқазы да бар. 73 келіге дейінгі салмақта белдескен жас спортшы қарсыластарының бәрінен басым түсіп, Азия кубогының алтын жүлдесін қанжығасына байлады.¤
«Мен жарысқа 2 ай дайындалдым. Өзбекстанның Чирчик қаласында оқу-жаттығу жиынынан өттім. Белдесуде өз мүмкіндігімді толық көрсете алдым, деп ойлаймын. Әсіресе, жартылай финал оңай болған жоқ. Сауд Арабиясының спортшысы мықты қарсылас болды. Дегенмен, дұрыс тактика құрып, алтын медаль еншіледім», – деді жастар арасындағы Азия кубогының жеңімпазы Әлихан Айтқазы.
«Әлихан негізі 6 жасынан бастап спортпен шұғылданады. Біз барлық жағдайын жасап жүрміз. Әсіресе әкесі әрдайым қасында қолдап жүреді. Бұл бірінші жеңісі емес, ол Еуропада да жеңіске жеткен. Қазір спорт шеберінің кандидаты, бірақ жарыстан кейін мастер спорт мастері атанады», – деді Әлиханның анасы Әлия Исабаева.
Гонконгта өткен додада қазақстандық дзюдошылар бес салмақ дәрежесінде жүлделі болды. Солардың қатарында 90 келіге дейінгі салмақта белдескен Арыстан Әрішев те бар. Ол қарсыластарынан басым түсіп, күміс жүлде еншіледі. Ендігі мақсат – Олимпиада биігін бағындыру.
«Бұл – мен қатысқан алғашқы Азия кубогы. Сондықтан жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындалып, барымды салдым. Әсіресе финалға дейін жеткенім үлкен жетістік. Үлкен тәжірибе болды. Ендігі мақсатым – Олимпиада шыңын бағындыру», – деді жастар арасындағы Азия кубогының күміс жүлдегері Арыстан Әрішев.
«Арыстанды дзюдоға жеті жасында алып бардық. Содан бері ол 12 жыл болды спортпен айналысып жүр. Осы уақыт аралығында талай жарыста топ жарып, бірқатар жетістікке жетті. Баламыздың Азия кубогында ел намысын қорғағанына қуаныштымыз», – деді Арыстанның әкесі Рафхат Әрішев.
Айта кетейік, халықаралық додаға 14 елден 137 спортшы қатысқан. Азия татамиінде олжа салған қазақстандық жас дзюдошылар енді ұлттық құрама сапына еніп, ел намысын дүбірлі додаларда қорғауды мақсат етіп отыр.
Мәди Мәлік. Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Қазақстан құрамасы Орталық Азия чемпионатын жеңіспен бастады