Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы төрт алтын медаль жеңіп алды

t.me/olympickz
t.me/olympickz

Осылайша, ұлттық құрама қоржынына 31 медаль түсті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны төрт алтын медальмен толықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұлттық олимпиада комитенінің хабарлауынша, Ақтолқын Сейілбекова пара дзюдодан J1 санатында 70 келіден жоғары салмақта айналмалы жүйе бойынша белдесулер өткізіп, төрт кездесуде де жеңіске жетті. Осылайша алтын медаль жеңіп алды.

Зарина Раифова J2 санатында 70 келіден жоғары салмақта айналмалы жүйе бойынша төрт кездесу өткізіп, барлығында қарсыласынан басым түсті.

Ұлттық құрама қоржынына тағы бір алтын медальді велошабандоз Наиль Ермуханбет салды. Отандасымыз B санатында 20 шақырымдық жекелей уақытқа жарысуда 34 минут 09,17 секунд нәтижесімен бірінші орын алды.

Дәл осы жарыста Кирилл Илюкевич 35 минут 26,64 секунд уақыт көрсеткішімен күмістен алқа тақты.

Әйелдер арасында Анастасия Калаус В санатында 15 шақырымдық жекелей уақытқа жарыста 32 минут 21,54 секунд көрсеткішімен жеңімпаз атанды.

Жеңіл атлетикадан Ислам Сәлімов T13 санатында ұзындыққа секіру сайысында күміс жүлде иеленді. Оның үздік көрсеткіші - 6,30 метр.

Садақ атудан да Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті. Темірлан Сейітқамал және Нұршат Төлеуқасым W1 санатында жұптық сайыста финалға дейін жетіп, Қытай құрамасына жол берді. Осылайша отандастарымыз жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді.

Сондай-ақ Махамбет Серікқалиев F53 санатында ядро серпуден 6,81 метр нәтижемен үздік үштікті түйіндеп, қола медальға ие болды.

Осылайша, ұлттық құрама қоржынында 31 медаль бар. Оның тоғызы - алтын, оны - күміс, он екісі - қола жүлде.

Оқи отырыңыз: Алматы оқушылары қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды жинап, ағаш екті