Алматы мен Шанхай арасындағы мәдени байланыс жаңа деңгейге көтерілді
Шанхай төрінде Ұлы даланың рухы асқақтады. Қытайдың ең ірі мәдени орталықтарының бірінде қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрін паш ететін халықаралық көрме ашылды. Оған Алматы музейлерінің қорынан алынған жүзге жуық бірегей жәдігер қойылған. Аспан асты елінің тұрғындары сирек кездесетін тарихи артефактілерді тамашалап қана қоймай, заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен ұлттық аспаптарымыздың үнін тыңдау мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы мен Шанхай арасындағы мәдени байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Қытай Халық Республикасының Шанхай тарихи музейінде «Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті. Алматы қаласы әкімдігі, Шанхайдағы Бас консулдық және Шанхай мэриясының қолдауымен өткен бұл іс-шара қос елдің ынтымақтастығын нығайта түспек. Бұл ауқымды жобаның сәтті жүзеге асуына былтыр Астанада өткен «Қытай-Орталық Азия» саммитінде қос қаланың бауырлас мәртебесін алуы негіз болды. Ал осы жылдың сәуір айында Шанхай мэрі Гун Чжэн Алматыға ресми іс-сапармен келіп, қала әкімі Дархан Сатыбалдымен стратегиялық серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылаған болатын. Бүгінгі көрме – сол келіссөздердің нақты жемісі.
Көрме өткен Шанхай тарихи музейі – 6000 жылдық тарихы бар, қорында 30 мыңнан астам бірегей жәдігері бар ірі орталық. Дәл осы тарихи сахнада қытай жұртшылығына қазақ халқының бай мұрасы мен Ұлы даланың рухани құндылықтары таныстырылды. Алматы қаласы музейлер бірлестігі бұл көрмеге 100-ге жуық сирек экспонат алып келген. Келушілердің ерекше қызығушылығын 1287 жылы Алматы қаласында соғылған күміс дирхемдер тудырды. Сонымен қатар интерактивті бөлімде қонақтар арнайы QR-код арқылы ұлттық аспаптардың дыбысталуын тыңдай алады.
«Қазақ халқының бай, тарихи, мәдени мұрасын таныстыратын ерекше көрменің ашылуына куә болып отырмыз. Алматы мен Шанхай арасындағы серіктестік соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Екі мегаполисті тек экономикалық байланыс емес, мәдени мұраны сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу жолындағы ортақ құндылықтар біріктіреді», – деді мәдениеттанушы Базарбек Атығаев
Мәдени дипломатияны дамытуды мақсат еткен бұл жоба тек жәдігерлерді көрсетумен шектелмейді. Ол қос халық арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған.
Айта кету керек, Алматы қаласы музейлер бірлестігі бұған дейін де халықаралық деңгейде үлкен табыстарға жеткен болатын. Олардың бірегей коллекциялары Оңтүстік Корея, Аустрия, Франция, Италия және Нидерланд сияқты елдерде таныстырылған. Шанхай төріндегі мәдени диалогтың салтанатты ашылуына дипломаттар, мәдениет қайраткерлері мен қала қонақтары қатысты. Халықаралық көрме 30 тамызға дейін жалғасады.
Сая Меңдеке, Алмат Ілияосв
Оқи отырыңыз: QYZYLJAR MUSIC FEST – V: Петропавлда халықаралық фестивалі өтеді