Мәдени іс-шара Қонаев қаласының Орталық алаңында ұйымдастырылды
Алматы облысында халықаралық музейлер күніне арналған «Бабалар тілі - музейлер үні» атты фестиваль өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәдени іс-шара Қонаев қаласының Орталық алаңында ұйымдастырылды. Кеш эстрада және этно-рок әншілерінің концерттік бағдарламасымен басталып, облыстың әр түкпірінен жиналған музейлер көрмесімен жалғасты. Келушілер қолөнер шеберлерінің туындыларын және Сақ, Үйсін, Түркі дәуірлерінен сыр шертетін көне жәдігерлерді тамашалады. Сонымен қатар жұрт назарына батырлардың қару-жарағы, қазақтың ұлттық киімдері мен музыкалық аспаптары және өңірдің жануарлар дүниесіне қатысты сирек экспонаттар ұсынылды.
«Музейдің негізгі міндеті – әрбір жәдігерді кеңінен таныстыру, насихаттау. Сол мақсатта ашық аспан алаңында ұйымдастырып отырмыз. Облыста музей көп, бірақ қарапайым халық бара бермейді. Сондықтан облыс орталығында Қонаев алаңында құнды жәдігерлерімізді халыққа ұсынып отырмыз», – деді музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов.
Оқи отырыңыз: Шамшырақ – ұлттық рухтың бесігі: білім ордасында есеп беру кеші өтті