Балалар үйіндегі даудан кейін 3 шенеунік қызметінен кетті
Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйіндегі даудан кейін 3 шенеунік қызметінен кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президент әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізіп, облыс әкімінің орынбасары Болат Күреңбековті, Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мен Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбітовті орнынан босатты. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды.
Айта кетейік, Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа көшіру кезінде жанжал туып, мәселеге Президент араласқан. Қасым-Жомарт Тоқаев олар Алматыда білім алуды жалғастыратынын айтып, қала әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар үйін жөндеп, мекемені қаланың балансына алуды тапсырған болатын.
«Тексеріс нәтижесі бойынша жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Қазір мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында құрамына тек мемлекеттік органдар ғана емес, қоғам өкілдері де кіретін ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр», – деді ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Оқи отырыңыз: Шымкентте бейтаныс жан емханада науқасты соққыға жықты