Бағаны реттеу тетігі дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне жол бермейді

07.07.2026 21:55

Мемлекеттік баға реттеуі тек арнайы тізбеге енгізілген дәрілік заттарға ғана қолданылады

Depositphotos.com

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасын қалыптастыру механизмін үнемі жетілдіріп келеді. Бұл жұмыс азаматтардың мүддесін ескеретін, ашық жүйені қалыптастыруға және фармацевтикалық нарықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағаны мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты – халық үшін дәрілік заттардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету және олардың құнының негізсіз өсуіне жол бермеу.

Қазақстанда барлық дәрілік заттың бағасы реттелмейді. Мемлекеттік баға реттеуі тек арнайы тізбеге енгізілген дәрілік заттарға ғана қолданылады.

Баға қалыптастыру жүйесін жетілдіру аясында дәрілік заттардың шекті бағасын белгілеу қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Негізгі өзгерістер:

  • бағаны есептеу кезінде маркетингтік және көлік шығындары алынып тасталды;
  • сауда үстемелерінің бірыңғай регрессивті шкаласы енгізілді: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар үшін – 20%-ға дейін, көтерме сауда үшін – 25%-ға дейін, бөлшек сауда үшін – 30%-ға дейін;
  • дәрілік заттардың бағасын салыстыру кезінде қолданылатын елдер тізбесі жаңартылды;
  • халықаралық ақпараттық деректер базаларын пайдалана отырып, сыртқы салыстырмалы баға белгілеу механизмі енгізілді.

Сонымен қатар дәрілік заттардың шекті бағасын есептеу тәртібі өзгертілді. Бағаны айқындау кезінде тіркелген дәрілік заттар туралы мәліметтер, өндірушілер мен тіркеу куәліктерінің иелері ұсынған ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер ескеріледі.

Шекті бағаны есептеу кезінде ең төменгі бағалармен салыстыру әдісі қолданылады. Дәрілік заттың құны белгіленген әдістеме бойынша айқындалған үш ең төменгі бағаның орташа мәнінен аспауға тиіс.

2026 жылы бағасы мемлекет тарапынан реттелетін дәрілік заттардың тізбесі жаңартылды.

Қазіргі уақытта мемлекеттік баға реттеуі 3 039 рецепт арқылы босатылатын дәрілік затқа қолданылады. Сонымен қатар 4 918 дәрілік зат бағаны реттеу жүйесінен шығарылды. Олардың қатарында құны бір айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын рецепт арқылы босатылатын дәрілік заттар және барлық рецептсіз босатылатын дәрілік заттар бар.

Бұдан бөлек, өндірушілердің шекті бағаларына, сондай-ақ дәрілік заттардың көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағаларына өзгерістер енгізілді. Құжаттар ресми жарияланғаннан кейін жаңартылған бағалар қолданысқа енгізіледі.

Қолданыстағы жүйеде сауда үстемелерінің регрессивті шкаласы қарастырылған. Бұл дәрілік заттың бағасы төмен болған сайын, оған белгіленетін үстеме мөлшері де төмен болады дегенді білдіреді. Мұндай тәсіл әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттардың бағасының өсуін тежеуге және олардың халық үшін қолжетімділігін сақтауға мүмкіндік береді.

Осылайша, бағаны реттеу механизмі азаматтар үшін дәрілік заттардың қолжетімділігі мен фармацевтикалық нарыққа қатысушылардың тұрақты жұмыс істеуі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Оқи отырыңыз: Президент цифрлық активтер индустриясын дамыту туралы Жарлыққа қол қойды