Сот продюсерге тіл тигізген блогерге айыппұл салды
Баян Алагөзова журналист-блогер Дана Орманбаеваны сотта екінші рет жеңді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Медеу ауданының №2 аудандық сотындағы жабық сот отырысында телекоммуникация желілерін пайдалана отырып қорлау (ҚК 131-бабының 2-бөлігі) бойынша айыпталушы Орманбаеваға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2024 жылдың 3 және 6 сәуірінде жазылушы аудиториясы көп журналист-блогер Орманбаева өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунтында продюсер Алагөзоваға қатысты әдепсіз түрде қорлайтын сипаттағы бірқатар жарияланым жариялаған. Осыған байланысты жәбірленуші Алагөзова жеке айыптау тәртібімен сотқа шағым түсірген.
«Сот шешімі сотталушының кінәлі әрекеттерді жасауға кінәлі екендігі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, жәбірленушінің айғақтарымен де, сарапшылардың қорытындысымен дәлелденді. О.-ның жазасын жеңілдететін жағдай – жас баласының болуы. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар жоқ.
Жоғарыда көрсетілгенді ескере отырып, сотталушы кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сот О.-дан моральдық зиянды өтеу ретінде жәбірленушінің пайдасына 500 мың теңге өндірді», - делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетерлігі, аталған ақпарат туралы заңгер Анна Чернова да желідегі парақшасында жариялады.
«Баян Алагөзованың Дана Орманбаеваға қатысты қорлау дерегімен жеке айыптауы бойынша қылмыстық іс аяқталды. Сот үкімімен Дана Орманбаева тіл тигізгені үшін кінәлі деп танылды. Оған айыппұл салынып, сот сонымен бірге 500 мың теңге көлемінде моральдық шығын мен сот шығындарын өндіріп алды. Әділдік салтанат құрды! Мен бұл жағдайдың көпшілікке үлгі болғанын атап өткім келеді. Көпшілік алдында қорлауға, тіл тигізуге жол берілмейді!», - деп жазды заңгер.
Оқи отырыңыз: Бір-бірін сотқа берген Баян Алагөзова мен Дана Орманбаева сот шешіміне қатысты пікір білдірді