Байсерке аспаны: 10 мыңнан аса адам ұшқыштардың шеберлігін тамашалады

18.08.2025 16:27

Ұшақтар мен тікұшақтар әуеге көтеріліп, түрлі трюктар көрсетті

Алматы облысында «Байсерке аспаны – 2025» авиашоуы өтті. Ұшақтар мен тікұшақтар әуеге көтеріліп, түрлі трюктар көрсетті. Іс-шараға он мыңға жуық адам қатысып, ұшқыштардың шеберлігін тамашалады, деп хабарлайды Almatyt.tv тілшісі.

Байсерке әуежайында авиашоу ресми түрде басталды. Әуеге көтерілген ұшақтар түрлі фигуралар жасап, көрермендерді таңдай қақтыруда. Көріп тұрғандарыңыздай, шоу бағдарламасына ерекше қызығушылық танытып, балалардан бастап ересектерге дейін телефонға түсіріп жатыр.  Көпшілік бүгінгі шараны жылдың ең әсерлі оқиғаларының біріне санап отыр.

БЛИЦ:

«Бүгін біз ерекше сәтке куә болдық. Ұшақтардың аспанда қалықтауы, ұшқыштардың парашютпен секіруі өте керемет. Балалар да дән риза».

«Біз өзіміз де осы салада қызмет етеміз. Балаларды да осы салаға қызығушылығын арттыру мақсатында әкелдік. Біз шамамен, шоудың қандай деңгейде өтетінін білдік. Керемет болды».

«Жақын жерде тұрамыз. Дайындықты көрдік. Сол сәттен-ақ келуді жоспарладық. Керемет, сөзім жоқ. Жақсы демалдық».

Көрермендер бағдарламаның басталуын асыға күткенін айтты. Көпшілігі, тіпті шоу өтетінін алдын ала біліп, билеттерді бір ай бұрын сатып алған. Сәйкесінше, ұйымдастырушылар да биылғы іс-шараға ерекше дайындалған.

«Бұл іс-шараға өте ұзақ әрі тыңғылықты дайындалдық. Әр детальға мән бердік. Ұшқыштарды дайындадық. Бұған дейінгі шоулардан өзгеше етіп жасадық. Менің ойымша, іс-шараға келгендерге қатты ұнады. Келесі жылы бұдан да жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз. Басты мақсат – келешек ұрпақтың авиация саласына қызығушылығын арттыру, мамандардың жұмысын насихаттау, халыққа таныту», – деді ұйымдастырушы Аэлита Федорова.

Байсеркеде өткен іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 10 мыңнан аса адам қатысты. Жауаптылардың айтуынша,  Іс-шара өңірдегі туризмді дамытуға сеп болмақ.

«Қазіргі таңда 10 мың адам авиашоуды тамашалап жатыр. Бірінші орында Алматы облысының туризмі бойынша имиджін дамыту, екіншіден, тұрғындарға және туристерге шоу ұйымдастырып, көңілін көтеру», – деді Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.

Айта кетейік, «Байсерке аспаны» авиашоуы жыл сайын ұйымдастырылады. Мамандардың сөзінше, келер жылы іс-шараны халықаралық деңгейде өткізу жоспарланып отыр.

Диана Тұрлыбек, Руслан Сүлеймен

Оқи отырыңыз: Алматыда жарықтандырудың негізгі жоспары әзірленді