Бес жүзден астам шәкірт білім алатын білім ордасының бірінші сыныбына 40 оқушы барды
Жаңа оқу жылында Қызылорда облысының Байқоңыр қаласындағы тағы бір мектеп Қазақстандық білім беру жүйесіне көшірілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа оқу жылы байқоңырлықтар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Осыған дейін ресейлік оқу жүйесінде білім берген №7 мектеп отандық білім беру стандартына көшіп, №298 мектеп болып қайта аталды. Бес жүзден астам шәкірт білім алатын білім ордасының бірінші сыныбына 40 оқушы барды. Жалпы 790 оқушыға арналған әрі төрт қабатты ғимарат толығымен жаңартылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
«Ресей стандартымен оқыған №7 Янгель атындағы мектепті биылғы оқу жылынан бастап №298 орта мектеп ретінде ашылды. Бұл – Қазақстан стандартымен оқитын мектеп. Сыныптардың бәрін жабдықтады. Мектебімізде 510 оқушы білім алады. Оқу жылын керемет жаңалықпен бастап жатырмыз», – деді № 298 мектеп директорының міндетін атқарушы Жұлдыз Досболова.
Мектептің жаңа үлгіде жабдықталғанына ата-аналар дән риза. Олар үшін бұл – балаларының жайлылығы мен сапалы білім алуына деген кепілдік.
«Мен немеремді бірінші сыныпқа әкелдім. Бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдадық. Балаларымыз өз елінің тарихын, құндылықтарын біліп, танып өседі. Жаңа оқу жылына сәттілік тілейміз», – деді Байқоңыр қаласының тұрғыны Ажар Тынарова.
«Қуаныштымыз, іші жарық. Ұстаздарымызға сәттілік. Балаларымыз жақсы білім алып, жоғары шыңнан көріне берсін» – деді Байқоңыр қаласының тұрғыны Ақерке Мүбаракқызы.
Білім ордасына қатысты заңдық құжаттар толық аяқталған. Сондықтан оқу үдерісінде еш кедергі жоқ. Бұл оқушылар үшін жаңа бір белес болмақ.
Айта кетейік, жұлдызды қалашықтағы өзге бес мектептің оқушылары еліміздің білім беру стандарты бойынша тәлім алып жатыр.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, облысынан
Оқи отырыңыз: Сергек әрі зерек оқушы: баланың күнделікті ас мәзірін қалай дұрыс ұйымдастыру керек