Жамбыл облысындағы ірі қант зауытының құрылысы тоқтап қалды

12.05.2026 15:45

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жобаның болашағы мен қаржылық мәселелері туралы айтты

Жамбыл облысында салынып жатқан ірі қант зауытының құрылысы тоқтап қалды. Бұған инвестордың қажетті қаржыны тарта алмауы себеп болған. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, — деп хабарлайды Almaty.tv.

Вице-министрдің айтуынша, ауқымды жобаны қытайлық инвестор қолға алған болатын. Жоспар бойынша ол қаражаттың 85 пайызын қаржы институттарынан қарызға алуды көздеген. Алайда бірқатар түйткілді мәселелерге байланысты қажетті сома толық тартылмаған. «Сол себепті құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр», — деді Азат Сұлтанов.

Еске сала кетейік, былтыр Байзақ ауданының Ақшолақ ауылында жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеп, одан 120 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаратын зауыттың іргетасы қаланған болатын. Жобаның жалпы құны 200 миллион доллар деп бағаланып, құрылыс 2027 жылы аяқталуға тиіс еді. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Десе де, Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаның мүлдем тоқтап қалмайтынына сенімді. Вице-министр Азат Сұлтанов қазіргі таңда мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді:

«Біз қазір «Бәйтерек» холдингімен және басқа да қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл проблема биыл болмаса да, келесі жылы өз шешімін табады деп күтілуде. Инвестор жұмысты міндетті түрде жалғастыратын болады», — деп атап өтті Азат Сұлтанов.

Жауаптылар бұл зауыт іске қосылса, еліміздің қант импортына тәуелділігін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретінін айтады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның агросекторына ЖИ мен цифрлық платформалар енгізілуде