Әншінің мерейтойлық концертіне жиналған жұрт ерекше әсермен тарқасты
Ширек ғасыр сахнада, бірнеше буын тыңдарман. Күні кеше Алматыда Қарақат Әбілдинаның өнерде жүргеніне 25 жыл толған шығармашылық кеші өтті. Өнер иесі сағынышқа толы сырлы әндерін шырқап, халықтың ерекше ықыласына бөленді. «Қызымын елдің, бақытын тапқан өнерден» деп аталатын мерекелік концертке Аlmaty.tv тілшісі де барып қайтты.
Қарақат Әбілдинаның «Асыл әжем», «Аяулы анам», «Жақсы адамдарым», «Алғыс» секілді үздік туындыларын бүкіл зал бірге шырқады. Шығармашылық кеште тыңдарман ерекше әсерге бөленді. Мерекелік концертке еліміздің түкпір-түкпірінен келген көрермендер жиналып, әншіге деген ыстық ықыласын білдірді.
«Өте керемет көңіл күй сыйлады. Бәріміз билеп, әншінің әндеріне қосыла айтып, ерекше әсермен шықтық. Қарақаттан үлгі алатын тұстар өте көп. Өте нәзік, әйелге тән биязылығы бар», – деді қала тұрғыны Ғазиза Жұмабаева.
«Қыдырәлі мен Қарақаттың әндері талай жылдан бері бәрімізді қуантып келеді. Әндері де жүрекке жақын. Бүгінгі кештен ерекше әсер алдық», – деді қала тұрғыны Жанна Қатаева.
«Өте жақсы өтті. Халықтың көп жиналғаны, көңіл күйіміз, концерт, бәрі тамаша болды. Қарақат пен Қыдырәліге шығармашылық табыс тілеймін», – деді Ұлытау облысының тұрғыны Алтынбала Аманжолова.
Сахнада әнші тек ән орындап қоймай, көрерменмен сырласып, отбасы, өнер және өмір жайлы жүрекжарды ойларын бөлісті. Кеш барысында арнайы дайындалған архивтік бейнематериалдар көрсетіліп, Қарақат Әбілдина әр жетістіктің артында халықтың қолдауы тұрғанын ерекше атап өтті.
«Алматыда концерт бермегенімізге де көп уақыт болды. Үлкен сағынышпен келдік. Мерейтойлық ән сапарымыз аясында бұған дейін 17 қаланы аралап, елдің батасын алдық. Алматылық көрермендерді қатты сағындық. Бүгін халықтың ықыласын сезінеміз деп ойлаймын. Бізге қолдау білдіріп жүрген барша көрерменге алғыс айтамын», – деді әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина.
Кешке аспапты этно-рок бағытындағы Ұлытау музыкалық ұжымы қатысып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар Қарақат өнер мектебінің оқушылары мен Аяла Қыдырәліқызы өнер көрсетті.
Көрерменді ерекше толқытқан сәт Қыдырәлі Болмановтың сахнаға шығуы болды. Концертке санаулы күн қалғанда өнер иесі аттан құлап, аяғын жарақаттап алған. Соған қарамастан, кешті кейінге қалдырмай, көрермен алдына шықты. Бұл сәтті зал ерекше ықыласпен қабылдап, ұзақ қол соқты.
«Қыдырәлі мен Қарақат өнер саласында зор еңбек етіп жүрген жандар. Бүгінгі концерт өте жоғары деңгейде өтті. Сахналық безендірілуі де, өнер көрсеткен жастар да олардың осы уақытқа дейінгі жетістігін айқын көрсетті», – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
«Бүгін халықтың ықыласы мен батасының арқасында Қарақат ел жүрегіндегі үлкен әншіге айналды. Бұл – тек менің емес, бүкіл халықтың мақтанышы», – деді ҚР мәдениет қайраткері Қымбат Әбілдақызы.
Айта кетейік, өнер ұжымы сәуір айының басынан бері еліміздің бірнеше қаласын аралап, есеп беру концерттерін өткізіп келеді. Әсерлі ән мен сағынышқа толы кеш көрермен жадында ұзақ сақталары анық.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов көлік саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді