Өңірде бала құқығын аяққа таптағандардың берешегі 12 миллиард теңгеге жеткен
Түркістан облысында өз перзентіне алимент төлеуден жалтарған 81 әкенің былығы анықталды. Олар баласына бермеген 113 миллион теңгені құмар ойынға салып жіберген. Сұмдық деректі облыстық прокуратура өкілдері айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Өңірде бала құқығын аяққа таптағандардың берешегі 12 миллиард теңгеге жетсе, мемлекет пайдасына өндірілуі тиіс жинақталған қарыз 16 миллиард теңгеден асқан. Прокурорлық талдау көрсеткендей, бұл ретте атқарушылық өндіріспен айналысатын жауапты мамандардың да жұмысы көңіл көншітпейді. Мәселен, жүздеген борышкердің 3,5 миллиард теңгеден астам берешегін қайтару бойынша мүліктеріне шектеулер уақытылы қойылмаған.
«Бізбен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бюджетке 1 млн теңгеден асатын қарызы бар 716 іс бойынша борышкерлердің 800-ден астам жылжитын, жылжымайтын мүлікі анықталды. Соған қарамастан сот орындаушылар өндіру шараларын қолданбаған. Бұл жай ғана цифр емес, мыңдаған баланың тағдыры мен құқығы», – деді Түркістан облыстық прокурорының аға көмекшісі Сәкен Сейілханов.
Оқи отырыңыз: Qamqor sos: Қонаевта цифрлық жедел медициналық көмек пункті іске қосылды