Көң жегізіп, иттің үйшігіне түнеткен: Қарағандыда жетімдерді жылатқан отбасы сотталды

05.06.2026 15:16

Қарқаралы ауданына қарасты Қоянды ауылындағы педагогтар отбасы 2018 жылы 6 баланы асырап алған

Қарағанды облысында 6 баланы асырауға алып, ұзақ жыл бойы қорлаған ерлі-зайыптыларға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Айыбы дәлелденген педагогтар отбасы жетімдерге аяусыз қысас көрсетіп келген. Тіпті  балаларға көң жегізіп, иттің үйшігіне түнеуге мәжбүрлегені де сотта анықталды. Жәудіркөз жеткіншектерді жәбірлеген отағасы 12 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал оның әйелі 10 жыл жаза арқалады. Қызы 4 жыл 8 айға сотталды. Қорлық көрсеткендер әр балаға 10 миллион теңгеден өтемақы төлейтін болды.

Қарқаралы ауданына қарасты Қоянды ауылындағы педагогтар отбасы 2018 жылы 6 баланы асырап алған. Ал 2023 жылы олардың жәбір көргені анықталып, тергеу басталды. Қатыгез жанұя алты жетімді ауыр жұмысқа аяусыз салған. Онысы аздай, сотта оларға көң қосылған қалған-құтқан тамақ беріп, иттің үйшігіне түнеуге мәжбүрлегені де айтылды. Сот-медициналық сараптама бір баланың денесінен 19, екіншісінен 47 тыртық анықтаған. Тіпті жасөспірімдердің бірі басынан ауыр жарақат алып, салдарынан мүгедек болып қалған. Тергеу нәтижелерін сот түгелдей сараптады. Нәтижесінде отбасы мүшелерінің барлығы кінәлі деп танылды. Сот шешімімен отағасы 12 жыл, жұбайы 10, қызы 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айырылды.     

«Мемлекет аталған ерлі –зайыптыларға ата-аналық құқықтар мен міндеттер жүктеген болатын. Алайда олар заң талаптарын өрескел бұзып, кәмелетке толмаған балаларға физикалық қана емес, моральдық зиян да келтірген. Балалардың өміріндегі аса маңызды кезеңде олардың құқығы бұзылып, заңды мүддесі аяққа тапталды. Соның салдарынан олар физикалық және психологиялық зардап шекті. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды», – деді судья Советхан Смағұлов.

Жетімдерді жылытқандар тағылған айыппен келіспеді. Олар кінәларын мойындаған жоқ. Сот шешіміне аппеляциялық шағым түсірмек. Ал жәбір көрген үш баланың әжесі сот үкімін әділ шешім деп бағалады. Кейуана сотталушылар тарапынан ешқандай өкініш байқалмағанын айтып отыр.

«Айыпталушылар кешірім де сұраған жоқ. Ешқандай өтемақы да төлемеді. Өздерін кінәсіз адамдай сенімді ұстады. Жасаған ісіне жауапкершілік танытып, жәбірленушілердің жағдайына жанашырлықпен қарауы тиіс еді. Бірақ мен ондайды олардың жүзінен көрмедім», – деді жәбірленушілердің әжесі.

Қатыгез отбасы сот залынан қамауға алынды. Қыспақ көрсеткендер әр балаға 10 миллион теңгеден өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, бала тәрбиесіне төленген  6 миллион теңгені мемлекетке қайтаратын болады. Себебі олар қаржыны құмар ойын мен сауық–сайранға шашқан. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Дегенмен судья Қарағанды облысы прокурорына патронат отбасылардың жағдайы «жаппай тексерілсін» деген жеке қаулы шығарды.

Жанбота Бейсембайұлы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Қарағанды тұрғыны танысына сеніп, 7 млн теңгесінен айырылған