Бала құқығы бәрінен биік: алимент мәселесі «Әділдік алаңының» жаңа шығарылымында талқыланады

24.07.2026 13:21

Алимент өндірудің бүгінгі ахуалы, борышкерлерге қатысты шаралар және заңнамадағы жаңашылдықтар туралы айтылады

Аlmaty.tv

Almaty TV телеарнасы «Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымында қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – алимент төлемеу проблемасын көтереді. Бағдарламада миллиардтаған теңгеге жеткен берешектің артында мыңдаған баланың тағдыры тұрғаны, сондай-ақ ата-ананың жауапкершілігі неге өзекті мәселеге айналғаны жан-жақты сараланады.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстанда алимент бойынша жалпы берешек 19 миллиард теңгеге жеткен. Кейінгі бес жылда алимент өндіруге қатысты атқарушылық істердің саны тұрақты өсіп келеді. Биыл олардың саны 300 мыңнан асса, оның 12 мыңнан астамы проблемалы іс саналады. Бұл – мектепке қажет құралын ала алмаған бала, емін кейінге қалдырған ана және түрлі үйірмеден бас тартуға мәжбүр болған мыңдаған жеткіншектің тағдыры.

Бағдарламада қала тұрғындары да бұл мәселеге қатысты пікір білдіреді.

«Егер алимент төлемесе, заң күшіне жүгіну керек деп ойлаймын. Тұрмаса да, бірге өмір сүрмесе де, ата-ана өз міндетін орындауы тиіс. Баланың да қажеттілігі, болашағы бар. Сондықтан әр ата-ана жауапкершілігін сезінуі керек», – дейді қала тұрғыны.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Бала әке-шешесіне қарап өседі, не көрсе, соны бойына сіңіреді. Екеуінің де рөлі, әке мен шешенің орны бірдей. Заңдық шара қолдану –мәселенің бір жағы ғана. Тіпті ажырасқанның өзінде, бала алдындағы жауапкершілікті ұмытпау керек», - дейді тағы бір тұрғын.

Мамандардың айтуынша, мәселенің негізгі себебі қаржы тапшылығында емес, жауапкершіліктің жоқтығында. Сарапшылар алимент төлемейтіндердің басым бөлігі еңбекке қабілетті азаматтар екенін айтады. Олардың көбі табысын жасырады немесе бейресми жұмыс істеуді жөн көреді.

Бас прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта 718 адам алимент төлемегені үшін іздеуде жүр.

«300 мың алимент өндіру ісінің ішінде елу пайызы бойынша борышкерлердің тұрақты жұмыс орнындағы еңбекақысынан ай сайын сот актісінде көрсетілген көлемде ұсталып отырады. Соған қарамастан, дәл қазіргі таңда 18 мыңдай алимент құжаты бойынша мүлдем орындалмай жатқан істер бар. Сот орындаушысы бір айға жуық ешқандай әрекет жасамайтын болса, ол өзінің лицензиясынан, жұмысынан айырылады», - деп түсіндірді «Жеке сот орындаушылары» республикалық палатасы төрағасының орынбасары Ерлан Онтаев.

Бағдарламада алимент өндіруге кедергі келтіретін тағы бір фактор – көлеңкелі экономика мен лудомания мәселесі де қозғалады.

Прокуратура дерегіне сәйкес, бір жылдың ішінде алимент бойынша берешегі бар 1 800-ге жуық азамат букмекерлік кеңселер мен онлайн-казиноларға 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Сонымен қатар эфирде алимент өндіру жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа өзгерістер де таныстырылады. Олардың қатарында борышкердің еңбек қызметі туралы мәліметтерді автоматты түрде алу, сондай-ақ алимент алушының атына арнайы қорғалған банк шотын ашу тетігі бар.

Әділет министрлігінің перзент пен ата-ана арасындағы күрделі түйткілді реттеу мақсатында бірқатар жаңашылдық қолға алып жатыр екен. 

«Егер ата-ана арнайы салық режимін қолданса немесе Қазақстаннан тыс жерде жұмыс істесе, сот алимент мөлшерін тұрақты ақшалай сомамен белгілеуге құқылы. Бұл борышкер табысын төмендетіп көрсету тәуекелін азайтуға бағытталған. Сондай-ақ ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы сот орындаушылары борышкердің жұмысқа орналасуы туралы мәліметтерді автоматты түрде алып отыратын жүйе жасау көзделіп отыр», – дейді ҚР Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің басқарма басшысы Гауһар Досжанова.

Енді өндірілген қаражат бөлек шотқа аударылады. Заң бойынша оны бұғаттауға болмайды. Яғни, ол үшінші тұлғалардың немесе өзге берешектердің өндіріп алынуына жатпайды. Осылайша, мемлекет бұл жүйені цифрландырып, қаражаттың балаға кедергісіз жетуін қамтамасыз ететін бірқатар құқықтық тетіктерді енгізіп жатыр.

Бағдарлама авторлары алименттің жай ғана заң талабы емес, ең алдымен ата-ананың өз перзенті алдындағы адамгершілік жауапкершілігі екенін еске салады. Өйткені алимент – баланың бүгінгі қажеттілігі ғана емес, оның болашағына салынатын үлес.

Сондықтан бұл мәселені тек заңмен емес, қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру арқылы ғана түбегейлі шешуге болады.

Оқи отырыңыз: Жаңа өмірге мүмкіндік: тәуелділікті қалай жеңуге болады – «Әділдік алаңының» жаңа шығарылымы