Бала қауіпсіздігі: биыл 22 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Рейдтің басты мақсаты – жазалау емес, ата-аналардың жауапкершілігін арттырып, жасөспірімдерді қауіпсіз ортада тәрбиелеуге жағдай жасау

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл кәмелетке толмағандарды қорғау бағытында жүргізілген рейдтердің нәтижесінде 22 мыңға жуық ата-ана бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал 107 мыңнан астам заңды өкілге айыппұл салыныпты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал кәмелетке толмағандарды бақылаусыз қабылдағаны үшін 2 мыңға жуық ойын-сауық орнының иеcі мен кәсіпкерлер де тиісті жазадан құтылмаған. Мұндай рейдтің басты мақсаты – жазалау емес, ата-аналардың жауапкершілігін арттырып, жасөспірімдерді қауіпсіз ортада тәрбиелеуге жағдай жасау.

«Бүгінде елімізде балалардың құқығын қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасыларды қолдау бағытында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіретін 271 комиссия жұмыс атқаруда. Олар жоспарлы мәселелерден бөлек, қоғамда кең талқылау туғызған және жедел шешімді қажет ететін істерді де қарайды», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы Мадина Бисембаева.

Сондай-ақ биыл кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар елімізде 4 мыңға жуық отырыс өткізіп, 7 мыңнан астам істі қараған. Оның мыңнан астамы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға байланысты болды. Мұндай отбасыларға материалдық көмекпен қатар, психологтардың кеңесі, заңгерлік бағыт-бағдар және медициналық қолдау көрсетіліп жатыр. Бұған қоса, қазір балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында комиссиялардың жұмысын жаңғыртуға бағытталған жаңа ережелер әзірленуде. Олар күшіне енсе, балаларды қорғау саласындағы бақылау мен қолдау тетіктері күшейе түспек.

«Қазіргі уақытта комиссиялардың жұмысын жетілдіруге бағытталған жаңа ережелер әзірленуде. Құжатта буллингтің, кибербуллингтің және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, зерттеу жүргізу және өңірлерге әдістемелік қолдау көрсету бағыттарындағы өкілеттіктерді кеңейту көзделген. Жаңартылған формат комиссиялардың тиімділігін арттырып, жергілікті деңгейдегі жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы Мадина Бисембаева.

Оқи отырыңыз: Атырауда жол апатынан бір үйдің екі баласы көз жұмды

Новости партнеров