Шаһарының орталық көшелердегі ойын алаңдарының жағдайы да көңіл көншітпейді
Сәтбаев қаласында балалар ойнайтын алаң тапшы. Бүлдіршіндерінің қауіпсіздігіне алаңдаған ата-ана жергілікті билікке бірнеше мәрте арызданғанымен, әзірге нәтиже болмай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл – қарапайым бір аулада орналасқан ойын алаңы. Шаң басқан сырғанақ, сынып қалған әткеншек, тот басқан темірлер. Балалардың күлкісі естілгенімен, қауіп те соғұрлым көп. Мәселен қала тұрғыны Аделина Ахимбекова «балам ойнап жүріп, сынған сырғанақтың арасына қолын қысып, жарақаттап алды», – дейді. Абырой болғанда бүлдіршінге дер кезінде көмек көрсетіліпті. Баласының өміріне алаңдаған ана алаңдардың қауіпсіздігін арттыруды сұрайды.
Балаларды ойнату өте қауіпті. Жауаптыларға айттық, бірақ нәтиже көріп тұрғанымыз жоқ. Күнде бір бала денесіне жарақат түсіреді. Бұл жерде ойнатпайын десек, басқа барар орын жоқ. Былтыр ғана салынған алаң ғой, бірақ өте сапасыз», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Аделина Ахимбекова.
Мұндай көрініс тек бұл аулада ғана емес. Сәтбаев шаһарының орталық көшелердегі ойын алаңдарының жағдайы да көңіл көншітпейді. Ал қала тұрғыны Парасат Қасымбекова осы мәселені көтеріп, былтырдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Десе де оған мардымды жауап ала алмаған. «Топыраққа толған алаңда бала қызығып ойнайтын ешбір зат жоқ» деген көпбалалы ана алаңды қалыпқа келтіруді өтінді.
«Балалардың аяғына кигізген аяқкиім құм қалпында үйге кіреді. Ешкімді ұстай алмаймыз. Балаларға осы жерге отырып ойна десең « мама, немен ойнаймыз, дым жоқ» деп айтады. Жауапты кісілерге бала қауіпіздігіне көлің бөлсе деген өтінішім бар», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Парасат Қасымбекова
Ал қалалық әкімдік алаңдарды қалыпқа келтіру қажет екенін мойындап отыр. Бүгінде конкурстық рәсімдер арқылы мердігер ұйымды анықтау жүргізіліп жатқан көрінеді. Жергілікті биліктің мәліметінше, былтыр Сәтбаевта 15 ойын алаңы қолданысқа берілсе, жыл соңына дейін тағы 30-ға жуық алаң салынбақ.
«2024 жылы 15-ке жуық балалар ойын алаңы орнатылған. Олардың 90 пайызға жуығы өз қалпында тұр. Қалған 10 пайыз бойынша мердігердің 3 жылдық кепілдік мерзімі бар, сол кепілдік мерзімге сәйкес, істен шыққан балалар ойын алаңдарын қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіледі», – деді Сәтбаев қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Әшім Мұхамбетәлі.
Қала тұрғындары жергілікті биліктен нақты әрекет күтеді.
Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүргізілуде