Бала әлемі: Алматыдағы ауқымды мерекелік думан өтті

01.06.2026 20:20

Биылғы бағдарламаның бір ерекшелігі – жасанды интеллект элементтерінің қолданылуы

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматының орталық демалыс саябағында да «Бала әлемі» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қалалық Мәдениет басқармасы ұйымдастырған бағдарлама бірнеше тақырыптық алаңды қамтыды. Саябақ аумағында шығармашылық шеберлік сабақтары, спорттық сайыстар, шахмат турнирлері, асфальтқа сурет салу байқауы және ұлттық өнерге арналған интерактивті аймақтар жұмыс істеді. Балалар домбыра үйреніп, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен танысты. Ал спортқа қызыққан жеткіншектер футбол алаңындағы жарыстарға қатысты. Үйымдастырушылардың айтуынша, мерекенің мақсаты – балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін, ой-өрісін және ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру.

«Алима Ерболатқызымен дуэт айтатын боламын. Бұл – балалар үшін өте күшті мәртебе. Концерттерге шақырғандарына барлығына қуаныштымын», – деді  «Славян базары - 2025» балалар байқауының жеңімпазы Мирас Нағашыбай.

Мереке концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада Қазақстан эстрадасының танымал өнерпаздары, жас орындаушылар, балалар шығармашылық ұжымдары және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары өнер көрсетті. Биылғы бағдарламаның бір ерекшелігі – жасанды интеллект элементтерінің қолданылуы. Концертке виртуалды жүргізуші қатысып, көрермендерге қызықты деректер ұсынып отырды. Бұл бастама балалар мерекесін заманауи технологиямен ұштастырып, өнер мен инновацияны қатар көрсетуге бағытталды.

«Балалар әлем» шарасынан кейін, ертеңнен бастап «Бозторғай» халықаралық фестивалі басталады. Өнерпаздар 8 мемлекеттен келеді. Жүргізуші Айсұлу деп жанама ат қойдық. Ол жасанды интеллект экран арқылы көрсетіп, халыққа ұсынып отырмыз», – деді  Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев.

Оқи отырыңыз: Алматыда емдеу және оңалту орталықтарындағы 400-ге жуық балаға мерекелік сыйлық табысталды