Қазақстанда бірқатар жұқпалы аурудың таралу деңгейі айтарлықтай төмендеді
Бала өмірінің алғашқы жылдары – иммундық жүйе әлі толық қалыптаспаған ең осал кезең. Дәл осы уақытта жұқпалы аурулар аса қауіпті. Ересектер жеңіл өткеретін кейбір инфекциялар сәби үшін ауыр асқынуларға, тіпті өміріне қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректеріне сәйкес, вакцинация жыл сайын 3–5 миллион адамның өмірін сақтайды. Бұл – қоғамдық денсаулықты қорғаудың ең тиімді әрі сенімді құралдарының бірі.
Вакцинация не үшін маңызды?
Мамандардың айтуынша, вакцинация:
жұқпалы аурулармен байланысты қауіп-қатерді азайтады;
ауыр асқынулардың алдын алады;
жыл сайын миллиондаған адамның өмірін сақтауға мүмкіндік береді.
Вакциналардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, барлық вакцина көпсатылы сапа бақылауынан өтеді. Олар өндіріс кезеңінен бастап, медицина ұйымдарында қолданылғанға дейін қатаң тексеріледі. Әрбір кезеңде қауіпсіздік пен тиімділік басты назарда болады.
Иммундаудың нақты нәтижелері
Соңғы отыз жыл ішінде балаларды иммундау жөніндегі тиімді ұлттық саясаттың арқасында Қазақстанда бірқатар жұқпалы аурудың таралу деңгейі айтарлықтай төмендеді. Атап айтқанда:
эпидемиялық паротиттің көрсеткіші 100 еседен астам азайды;
вирустық А гепатиті 32 еседен астам төмендеді;
вирустық В гепатиті 92 есе қысқарды.
Бұл көрсеткіштер вакцинацияның қоғамдық денсаулық үшін маңызын айқын дәлелдейді.
Ата-аналар үшін маңызды шешім
Бүгінде ата-аналар баласын өмірінің алғашқы айларынан бастап жұқпалы аурулардан қорғауға мүмкіндік алады. Уақтылы жасалған вакцинация – бұл тек медициналық шара ғана емес, баланың денсаулығы, қауіпсіздігі және болашағы үшін жасалған маңызды қадам.
Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ тәркіленді - ІІМ