Автор туындысында болашаққа ұмтылған жас буынға өнеге болатын өмірлік құндылықтарды алға тартты
Президенттің өмірін үлгі ете отырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Бала шақтан – болашаққа» атты ғұмырнамалық-танымдық повесінің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Кітапта Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың балалық шағы, отбасылық тәрбиесі, ата-анасының тағдыры мен тұлғалық қалыптасу кезеңі жасөспірімдерге түсінікті әрі тағылымды тілмен баяндалады. Автор туындысында болашаққа ұмтылған жас буынға өнеге болатын өмірлік құндылықтарды алға тартады. Шығарма жас ұрпақтың адамгершілік қасиетін нығайтуға, елжандылық рухын қалыптастыруға және ұлттық тарих пен мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
«Отбасында баланы қалай тұлға етіп тәрбиелейміз? Кітап баланы дұрыс жол таңдауға үйретеді. Қасым-Жомарт Кемелұлының атасы Тоқадан бастап, әкесі Кемел, анасы Тұрар, содан кейін өзінің өміріндегі отбасылық тәрбие баяндалады», – деді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан.
Оқи отырыңыз: Бекнұр Қисықовтың «Тұзды көлдердің әні» романы оқырманға жол тартты