Бала тілі неге кеш шығады - мамандар себебін айтты

Елімізде 75 мыңнан астамында сөйлеу дағдысы толық қалыптаспаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ерекше қажеттілігі бар 240 мыңға жуық бала тіркелген. Соның 75 мыңнан астамында сөйлеу дағдысы толық қалыптаспаған. Мамандар бүлдіршін тілінің кеш шығуын бір ғана себеппен байланыстыруға болмайтынын айтады. Бұған құрсақішілік гипоксия, есту қабілетінің төмендеуі, жүйке жүйесінің даму ерекшеліктері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баланың алғашқы сөзін ата-ана асыға күтеді. 20 жылдық тәжірибесі бар логопед Әйгерім Сәрсенбаеваның айтуынша, сәби бір жас шамасында 10-15 сөзді меңгеріп, екі жасқа қарай сөздік қоры 150-ге жуықтауы тиіс. Ал үш жастан асқан бүлдіршін өз ойын еркін жеткізіп, сөйлемдерді анық құрауы қажет. Алайда маман кейінгі жылдары тілі кеш шығатын балалардың қатары көбейгенін айтады. Бұған жүктілік кезеңіне дайындықтан бастап, генетикалық өзгерістерге дейін бірнеше себеп ықпал етуі мүмкін.

«Ең бірінші анасының, әкесінің денсаулығы, одан кейін ішіп жатқан тамағымыз, қоршаған ортаға, ауа райына да байланысты.  Баланы жоспарлау кезінде әкесі мен анасы денсаулығын тексеруі керек. Одан кейін алдын-алу шараларын жасауы керек. Мысалы «жүктілік кезі жақсы өтті» деп босанғаннан кейін қарамай кетуге болмайды. Туылды ма бірден нейросонография жасатып, миын тексеру керек», логопед-дефектолог Әйгерім Сәрсенбаева.

Логопедтің айтуынша, тілі кеш шыққан баланы бірден сөйлеуге үйретпейді. Әуелі ойын арқылы ми қызметін дамытады. Ал түзету мерзімі баланың диагнозына қарай әртүрлі болады.

«Дизартриктерге мысалға 6 ай кетеді ең кемі. Толық сөйлеммен сөйлеп кетуге коррекция уақыты. Егер үйден жұмыс жасалса ата – анамен бірге топтық жұмыс болу керек. Бір 45 минут, аптасына 3 рет келген деген дымға жетпейді. Қазір шығады да қазір ұмытып кетеді. Өйткені бұлардың есте сақтауы төмен болады. Ең кемінде 1,5, 2-3 жыл кетуі мүмкін», - деді Әйгерім Сәрсенбаева.

Ал психологтар тіл дамуына баланың анасымен қарым-қатынасы тікелей ықпал ететінін айтады. Сондықтан ата-анамен байланыстың аздығы, гаджетке шамадан тыс әуестік те бүлдіршіннің белсенді сөйлеуіне кері әсер етуі мүмкін.

«Баланы тіл ұқпайды» деп ойламау керек. Бала  6 айына дейін вибрация арқылы сөзді ұғады, 6 айдан кейін көрсету керек. Көз, мұрын, құлақ, шаш деп күнделікті  көрсету керек. Ол 1 жасына дейін қалыптастырып, тілі шыға бастайды. Ал егер бала жылаған кезде телефонды бере қойып, теледидардың алдына отырғыза қойып, қызыл – жасыл әлеммен алдай беретін болса, бала  сөйлеп үйренбейді, сөйлеуге талпынбайды да», деді психолог Шынар Құсманқызы.

Бала тілінің кеш шығу мәселесі әсіресе мектеп табалдырығын аттар кезеңде маңызды. Мәселен биыл Қазақстанда 380 мыңнан астам бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Оның 31 мыңнан астамы – алматылықтар. Сондықтан мұғалімдер мектепке дайындық кезінде баланың әріп танып, санай алуымен қатар, ойын еркін жеткізіп, өзгенің сөзін түсіну қабілетіне де мән берген жөн дейд

«Көбірек баламен қазақша сөйлесуі керек. Себебі олар тек қана орысша контент көріп, ойын ойнағандықтан ақыл-ойы орысша дами бастайды. Сол себепті алғашқы тілдері орыс тілінде шығады. Ата-ана шектен тыс көңіл бөліп, айтқанын орындағандықтан  бала ақыл ойын тежеуге және өзінің ойын жеткілікті түрде жеткізуіне кедергі жасайды», деді № 224 келешек мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлзат Қабиева.

Айта кетейік, елімізде ерекше қажеттілігі бар 240 мыңға жуық бала тіркелген. Оның 75 мыңнан астамында сөйлеу дағдысы толық қалыптаспаған. Мамандар мұндай жағдайда ерте әрекет ету маңызды екенін айтады.

Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Алғада жаңа оқу ордасының құрылысы жоспарланды