Бала жүгіріп шыққан жоқ: Іргелі ауылында 7 жастағы жеткіншек оқиға орнында көз жұмды

27.11.2024 21:10

"Асыл Арман" тұрғын үй кешенінің маңындағы аялдамада жол да, қауіпсіздік белгілері де, жаяу жүргінші жолағы да жоқ

Алматы іргесіндегі Іргелі ауылында оқушы тасымалдайтын шағын автобус 7 жастағы жеткіншекті басып кетті. Бала оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнежазбадан баласын құшағына қысып, қайғыдан қан жұтқан ананың өксігін көзге  жас алмай көру мүмкін емес. Қас қағым сәтте оқыс оқиғадан қыршын кеткен 7 жастағы бала мектепке асыққан. "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінің маңындағы аялдамада жол да, қауіпсіздік белгілері де, жаяу жүргінші жолағы да жоқ.

Куәгерлердің айтуынша, бала анасымен бірге қоғамдық көлікті күтіп тұрған. Автобус кенеттен артқа жүріп, баланы көрмей, бірден басып кеткен көрінеді.

"Автобус кері жүріп, баланы соқты. Бала анасының артында келе жатқан, ол жүгіріп шыққан жоқ", – Іргелі ауылының тұрғыны Ақмоншақ Сейтқазина.

"Халық қиналып жүр. Жаңа соққан автобус балаларды тасымалдайды. Ақша жоқ деп айта береді, жұмыс істеп жатырмыз, салық төлейміз, басқа не істеуіміз керек? Халықтың жағдайын жасасын. Ол баланың орнында менің де балам болуы мүмкін. Бізге мектеп салып берсін", – деді Іргелі ауылының тұрғыны Мадихан Бәйменов

Қауіпсіздіктің құны қанша? Бас көтерген тұрғындар «қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді» дейді. Олардың айтуынша, жылдар бойы аялдама орнатуды сұрап, әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Сондай-ақ елдімекенде 10 жыл бойы құрылысы аяқталмаған мектеп бар. Жергілікті жұрт «егер жөндеу уақытылы аяқталғанда, балаларды алысқа тасып, әуре болмас едік» дейді. Әкімдіктен мардымды жауап ала алмай, көмек қолын күтіп сарылған олар жеке тасымалдаушы жалдауға мәжбүр болған.

"Менің сегіз балам бар. Мектептің автобусы ықшамауданнын ішінде кірсін", – деді Іргелі ауылының тұрғыны Томирис Имашева.

Жұртшылық сағаттап күтсе де, Қарасай ауданының әкімі оқиға орнына келмеді. Халық алдына оның орынбасарлары келіп, балалар автобусын қадағалайтын патруль жүретінін айтты.

"Құрлыс жүргізіп жатқан медігерді шақырып, сөйлесеміз. Әрі қарай заңға сәйкес әрекет етеміз", – деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аялдамада JAC маркілі шағын автобустың жүргізушісі артқа жүремін деп жеті жастағы баланы басып кеткен. Қазір оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

"27 қарашада JAC жүргізушісі Іргелі ауылы «Асыл Арман» тұрғын үй тұрағында артқа жүргенде 7 жастағы баланы қағып кеткен.Ол алған жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", – деді облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова

Жеті жастағы жеткіншектің қазасынан кейін бас көтерген халық жағдай қайталанбау үшін балаларға жағдай жасауды талап етіп отыр. Әкімдік уәде еткендей, қайғылы жағдай болған тар қуысқа қоғамдық көлік кірмей, жол жасалатын болады. Ал тұрғындарға қатынауға ыңғайлы құрылысы тұралап тұрған мектептің қашан аяқталатыны әлі белгісіз.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Су есептегіш құралын ауыстыру керек: коммуналдық мекеменің атын жамылған алаяқтар көбейген