Су есептегіш құралын ауыстыру керек: коммуналдық мекеменің атын жамылған алаяқтар көбейген

Коммуналдық компания өкілдері азаматтардан абай болуды сұрайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алаяқтар коммуналдық мекеменің атын жамылып, тұрғындарға хабарласуды жиілеткен. Әккі әрекетін жүзеге асыру үшін олар алматылықтарға су есептегіш құралын алмастыру қажет екенін айтып байланысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Су есептегіш құралын ауыстыру керек, жарамдылық мерзімі аяқталуға жақын". Өздерін "Алматы Су" компаниясының қызметкерімін деп таныстырғандар әңгімесін осылай бастайды. Жалған жұмысшылардың құрығына түсудің аз-ақ алдында қалғандардың бірі – Жаңбырбай Макишев.

"Мобильді телефоныма хабарласты. "Судың есептеуіш құралын ауыстыратын уақыт келді, қашан баруға болады" деді. Қыркүйекте қажет емес екенін айттым",  – деді қала тұрғыны Жаңбырбай Макишев

Күмәнданған азамат «Алматы су» мекемесіне хабарласқан. Ондағылар қоңырау шалғандардың компания қызметкерлері емес екенін айтқан. Ал қондырғыны жаңартамын деушілер тек Жаңбырбай Макишевке емес, бірнеше тұтынушыға қызметін ұсынып үлгерген.

Коммуналдық компания өкілдері азаматтардан абай болуды сұрайды. Себебі мұндай қызметтер ұялы телефон арқылы көрсетілмейді. Сондай-ақ олар тиісті құжаттарын ұсынуы тиіс. Ал тексеріс жүргізілетін уақыт жақындағанда, қажет мәліметті түбіртекте көрсетіледі.

"Жұмыскерлер бекерден бекер үй араламайды. Олар есептеуіш құралдардың көрсеткішін тексеру үшін ғана келеді. Ешқандай құрылғы, есептеуіш құрал, фильтр сатпайды, сатумен айналыспайды", – деді  "Алматы Су" МКК департамент директоры Серік Шағыров.

Айта кетейік, қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, биыл 1200-ден астам алаяқтық фактісі тіркелген. Оның басым бөлігі интернет алаяқтық екен.

Гүлмарал Изатқызы, Айкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Тазалық өзімізден басталады: алматылықтар ауласын қалай безендірді

Новости партнеров