Балабақшадағы білім сапасы: мамандар озық тәжірибелерін ортаға салды

Қатысушыларға көрме мен көлеңкелі театр ұсынылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері бас қосып, озық тәжірибелерімен бөлісті. Семинарды қаладағы №188 бөбекжай қызметкерлері ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шарада педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, инновациялық әдіс-тәсілдерді оқу процесіне енгізу және мамандардың шығармашылық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ басқосу аясында балаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тренинг өткізіліп, қатысушыларға көрме мен көлеңкелі театр ұсынылды.

«Бұл құзыреттілік орталығында педагогтер іс-тәжірибелерімен алмасып, бір-бірінің озық әдістерімен танысады. Мұнда әртүрлі ізденістер мен жаңалықтар талқыланып, ортаға салынады. Семинарға келген педагогтердің барлығы өздеріне жаңа идеялар мен тың бастамалар алады», – деді №1 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Қымбат Қарабалаева.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар педагогтер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, білім беру саласындағы жаңа бастамаларға жол ашады.