Балалар арбасы, самокат: көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде қойылатын заттарға айыппұл салынады

28.07.2025 19:56

Айыппұл мөлшері 78 640 теңге 

Көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісіне балалар арбасын, велосипед, самокат тіпті, қоқыс жәшігін қоюға болмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір қарағанда еш айыбы жоқ болып көрінуі мүмкін. Алайда мұндай әрекет үшін азаматтарға 78 640 теңге айыппұл салынады. Ал жағдай тағы қайталанса, сома 120 мыңға жуықтайды.

Мамандар жолдағы заттар төтенше жағдай кезінде қол байлап, уақытты алып, кедергі келтіретінін айтты. Тұрғын үйдің кіреберісі - ортақ қолданыстағы аймақ. Сондықтан артық нәрсені сыртқа шығаруға тыйым салынған.

«Жергілікті инспектор ауызша немесе жазбаша ескерту жасайды. Осындай жағдай тағы да қайталанса, әкімшілік жауапкершілік бойынша 20 АЕК бастап айыппұл салынады. Бұл сол жерде тұратын тұрғындарға қолайсыздық келтіреді. Яғни, сіз кірген кезде оң немесе сол жақтажеке заттарыңыз немесе басқа да керек емес заттар тұрады. Ол жерде олар қойылмауы тиіс», - деді заңгер Смағұл Файзулла.

Көпқабатты үй тұрғындарының кейбірі қолданыстағы ережені құптайды. Ал енді бірі «мұндай әрекеттерді болдырмас үшін құрылыс компаниялары үй саларда арнайы бөлме қарастыруы тиіс» дейді.

 «Кіреберіске арнайы орын не істеу керек шығар. Бесінші қабатта көпбалалы ана тұратын болса, бәрін алып түсу қиын. Бала деген күніне 2-3 рет далаға шығады.  Маған қиын. Бір қолыммен бала ұстаймын ба, коляска ұстаймын ба?» – деді  қала тұрғыны Айзат Қайзи.

«Қайда қояды басқа? Үй де тар ғой», – деді қала тұрғыны.

«Әр адам өз затына жауап беруі керек. Біреудің заты біреуге кедергі жасамауы керек. Бірақ айыппұл емес басқалай қарастыру керек сияқты», – деді  қала тұрғыны.

Айта кетейік, айыппұл тек велосипед немесе самокатын қалдырғандарға ғана емес, қоқысын кіреберіске шығарғандарға да салынбақ. Бұл Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің «аумақтарды абаттандыру ережелерін бұзу» – 505-бабында көрсетілген. Егер ескерту еленбей, жағдай бір жыл ішінде тағы қайталанса, айыппұл мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке, 118 000 теңгеге дейін өседі.

Диана Тұрлыбек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Банк картасы бөгде адамға бергендер заң алдында жауап береді