Қылмыстық жолмен келген қаражатты заңдастыруға көмектескендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Банк картасы мен деректемелерін бөгде адамға бергендер заң алдында жауап береді. Ішкі істер министрлігі мұны дропперлік әрекеттің белгісі деп атап, қылмыстық заңнамаға енгізілген маңызды өзгерістерге байланысты азаматтарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа талаптар жеке мәліметтерді қорғау мен қаржы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Енді өзінің банктік шоты мен картасын немесе деректемелерін басқа біреуге пайдалануға бергендер немесе сыйақы алу үшін бөтен адамның атынан ақша аударғандар, сондай-ақ қылмыстық жолмен келген қаражатты заңдастыруға көмектескендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
«ІІМ дербес деректерді қорғауға және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған ҚР қылмыстық заңнамасындағы маңызды өзгерістер туралы ескертеді. Қылмыстық кодекстің жаңа 232 де 1 бабында өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін оларды үшінші тұлғаның мүддесіне пайдаланып, түрлі аударымдармен төлемдер жасау үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді», – деді ҚР ІІМ баспасөз хатшысы.
Оқи отырыңыз: Ескі көліктер саудасы автонарықта тоқтайды