Елімізде балаларға арнап қалам тербеп жүрген 117 қаламгер бар
«1984 жылдан бері балалар әдебиетінің көшін бастаған бірде-бір қаламгерге мемлекеттік сыйлық та, «Халық жазушысы» атағы да берілмеді». Бұл өзекті мәселе Алматыда өткен «Балалар әдебиеті: креативті индустрия, имидж, бренд» тақырыбындағы панельдік сессия барысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сонымен қатар іс-шара аясында жанрлық кеңестің төрағасы Елдос Тоқтарбай соңғы бес ай ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, балалар әдебиетін брендке айналдыру жолдарын кеңінен талқылады.
«Қазақстанда балалар әдебиеті жоқ? Бердібек Соқпақбаевтан кейін неге балалар әдебиеті дамымамайды? «Менің атым Қожа» неге жазылмайды? Бұған дейін осындай сауалдар қойылып келді. Ондай шығарма жазылуы үшін мемлекет және қоғамнан да балалар әдебиетіне сұраныс болуы керек, насихатталуы керек. Бүгінгі күні Қазақстанда балалар жазушысын танитын оқырман бар ма? Кішкентай балалар біле ма жазушыны? Ал классикалық шығармалар жазылған, бірақ насихаты жетпейді. Сондықтан креативті индустрия – имиджге және брендке айналуы керек. Бүгінгі панельдік сессияның мақсаты – сол», – деді Балалар және жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы Елдос Тоқтарбай.
Сонымен қатар панельдік сессия барысында «Балалар әдебиетінің бағбандары» сериясы аясында Қуандық Түменбай, Сәуле Досжан және өзге де авторлардың қаламынан туған 8 кітаптың тұсауы кесілді. Әрқайсысы 1000 данамен жарық көрген бұл туындылар жас оқырманның таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған.
Айта кету керек, бүгінде елімізде балаларға арнап қалам тербеп жүрген 117 қаламгер бар. Солардың ішіндегі шығармашылығы мен еңбегі еленген бірқатары Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, құжаттарын алды.
«Биыл Түркияның президенті балалар әдебиетіне берген сыйлығын алып келдім. Сонда неге олар балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөледі. Олар айтуынша, әдебиет балалардан басталады. Баланың тілі шыққанан бастап тақпақ, жаңылпаштар жаттатып, үйрету керек екенін айтты. Ол идеология емей, немене?» – деді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан.
Оқи отырыңыз: Былтыр Қазақстанда 162 жаңа мектеп салынды