Шымкенттен Түркістанға қатынайтын пойыз межелі жерге 4,5 сағатта жетеді
Шымкенттіктер қасиетті Түркістанға бар болғаны 573 теңгемен жетіп жүр. Екі қала арасында қатынайтын пойызға сұраныс күннен-күнге артып жатыр. Сондықтан бүгінде вагон санын көбейту жұмыстары қолға алынуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Шымкент пен Түркістанды жалғайтын жалғыз пойыз. Мұнда балаларға арнайы алаңша қарастырылған, ал билет бағасы – халықтың қалтасына қонымды. Заманауи теміржол көлігі, әсіресе, жасы егде жолаушыларға үлкен жеңілдік болып отыр. 64 жастағы Қызтумас Байларова пойыздың жайлылығын ерекше бағалайды.
«Ең қолайлысы кішкентай жас балалар үлкен кісілердің мазасын алмай, ойнайтын ойын алаңы есебінде бір купені босатып қойған. Жақсы, желдеткіш істеп тұр. Тағы бір вагон қосуды үсындық. Демалыс күндері халық сыймайды», – деді жолаушы Қызтумас Байларова.
Шымкенттен Түркістанға қатынайтын пойыз межелі жерге 4,5 сағатта жетеді. Вагон ішінде 81 орын қарастырылған. Құрам жол бойында 20 стансаға аялдайды. Ал аралық бекеттерден түсетіндер үшін билет бағасы одан да арзан.
«Түркістаннан Шымкентке дейін 573 теңге тұрады. Ал Темір бекетіне дейін 191, Арысқа дейін 362 теңге. Аленді Шымкенттен Арысқа дейін билет бағасы 241 теңге. Бір ата-анаға 7 жасқа дейінгі бір баланы тегін алып жүруге болады. 15 жасқа дейінгі балаларға 50 пайыздық жеңілдік бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да 50 пайыздық жеңілдік қарастырлыған. Оқушылар мен студенттерге арналған жеңілдік картасы бар. 25 пайыздық жеңілдікпен алуға болады», – деді Шымкент аймақтық телім басшысы Ғалымжан Бұрхан.
Алдағы уақытта Түркістан облысына қатынайтын пойыздардың қатары көбеюі мүмкін. Қазірдің өзінде Шымкент-Сарыағаш бағыты жоспарға енгізілген. Алайда жоба халықтың белсенді қолдауына байланысты жүзеге аспақ.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: Алмалы ауданында 35 жоба жүзеге асты