Облыс аумағында 9 су арнасы елдімекендердің ішімен өтеді
Тараздың ортасынан өтетін су каналы қайғылы оқиғаның ордасына айналғандай. Ағыны қатты арнаға түсіп, жылда бірнеше адам қаза болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сеңкібай су арнасы Тастақ, Қайнар мен Мичуринец, Родничок, Ақжол тұрғын алаптарының арасымен ағып өтеді. Бірақ 6 шақырымдық каналдың бірде-бір жерінде қоршау жоқ. Салдарынан жылда бірнеше қайғылы жағдай болады. Жұрт кейде жас бала батты деп қайғыдан қан жұтса, кейде ересек адамның қазасы жайында қаралы хабар естіп жатады.
«Мектеп жақын, 1-2 сынып оқушылары қатынайды. Қауіпсіздік шаралары сақталуы керек қой. Кішкентай балалар ойнауға шығады, құлап кете ме деп қорқамыз», – деді қала тұрғыны Айткүл Асилова.
«Кішкентай бала, кәрі адам да ағып келеді. Судан шыға алмай, көз жұмады. Қиналып кеттік. Қоршауын биік етіп көтерсе, балалар суға ағып кетпес еді», – деді қала тұрғыны Нұриниса Исматуллаева.
Қоршау мәселесі соңғы 5 жылда тұрақты түрде көтеріліп келеді. Себебі ашық жатқан су арнасы мектеп пен спорт кешені сынды әлеуметтік нысандардың маңынан өтеді. Оған қоса, канал тұрғын үйлерге жақын орналасқан.
«2023 жылдан бері 4 сауал жолданды. Бірақ нақты жауап жоқ. Тиісті мекемелерге өтініш жіберіп, мәселені басты назарда ұстап отырамыз», – деді қалалық мәслихат депутаты Талғат Дүйсенов.
Облыс аумағында 9 су арнасы елдімекендердің ішімен өтеді. Бірақ олардың ешқайсысында қоршау жоқ. Ал «ҚазСуШар» мамандары мәселені шешу үшін жоба жасап, шешімін келер жылы таппақ.
«Жамбыл филиалында жобалық сметалық құжаттамалар әзірленуде.Биіктігі 1,5 метр темір қоршау болады. 2026 жылы қаржы бөлінсе, жұмыс бірден басталады», – деді «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалының бас инженері Ербол Әбдрахманов.
Жалпы 28,7 шақырым канал қоршауды қажет етіп тұр. Бұған 500 миллион теңгеден аса қаражат қажет. Сондықтан жауаптылар қаржы сұрап республикалық бюджетке өтінім берген. Әзірге түйіннің қашан тарқары белгісіз.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Аптап ыстық: Шымкентте электр энергиясына шектеу қойылды