Балалар және қауіпсіздік аймағы: алматылық оқушылар оқу-жаттығу іс-шараларына қатысты

Бұл «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда оқушылардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Мегаполистегі 227 білім ордасының қатысуымен «Балалар және жол: қауіпсіздік аймағы» оқу-жаттығу іс-шаралары өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Бұл «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Қалалық прокуратура мен полиция өкілдері қатысып, жеткіншектерге жол ережелерін сақтау және төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмдерін арнайы қойылымдар арқылы көрсетті. 

«Шараның ерекшелігі жапондық әдісті пайдаланып манекен және көліктер арқылы жол-көлік оқиғасын балаларға көрсетеміз. Оның алдын алу  тәртіптерін түсіндіреді», – деді Наурызбай ауданының прокуроры Марат Тойжан.

Қолға алынған бастама балалар арасында жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқу-жаттығуға бастауыш және 5-7-сынып оқушылары қатысты.

Айта кетейік, қауіпсіздік шараларын үйрететін бастама үш күнге жалғасады. 

«№221 мектепте оқу-жаттығу сабақтары өткізілуде. Балалар жолдағы бір сәттік абайсыздықтың қандай ауыр жағдайға әкелуі мүмкін екенін көзбен көріп, шынайы түрде сезінуі маңызды. Мәселен, жолдың бойында доп қуалап ойнау, рұқсат етілмеген жерден өту секілді әрекеттердің соңы қайғылы жағдайларға ұласуы мүмкін. Осы мақсатта бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер жолағы мен жол белгілерін қолданып, көрініс сахналадық. Мұндай оқу-жаттығулар алдағы уақытта Қазақстанның өзге өңірлерінде де жалғасып, кеңінен қолдау табады деп сенеміз», – деді қалалық Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы бөлімінің жетекшісі Роза Ақмағанбетова.

Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: Алматылық оқушыларға құқықтық мәдениет дәрісі өтті

Новости партнеров