Балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғай аламыз ба

25.07.2025 20:18

Кәмелет жасына толмағандардың 46 пайызы алғаш рет интернетке 5-8 жас аралығында отырады

Кәмелет жасына толмағандардың 46 пайызы алғаш рет интернетке 5-8 жас аралығында отырады. Ал әр үшінші бала 12 жасқа жетпей-ақ әлеуметтік желіні қолдана бастайды. Ал олардың 7 пайызы сексуалдық сипаттағы суреттер алып,  10 пайызы ересек, бөтен адамдармен байланыс орнатқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіге еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін үйір. Бұл ретте мамандар әсіресе, балалардың интернет кеңістікте түрлі қауіп-қатерге жиі ұшырайтынын айтып, алаңдаушылық білдіреді. ЮНИСЕФ-тің Қазақстанда жүргізген зерттеуіне сүйенсек, балдырғандардың шамамен 40 пайызы интернетті күнделікті оқу мақсатында пайдаланады. Дегенмен респонденттердің 21 пайызы кибербуллингке тап болғанын айтса, 15 пайызы психологиялық жайсыздық тудыратын мазмұндағы контентке жиі кезігіпті. Бұған қоса, әлеуметтік желіде бейтаныс адамдар балаларды кездесуге шақырып, бұл жайлы ешкімге айтпауды өтінетін жағдайлар да кездескен. Ал кейбір балаларды онлайн ойындар арқылы алдап, алаяқтық жолмен ақша алған. Мұндай фактілер елімізде 12-15 рет тіркеліпті.

«Онлайн ойындар арқылы балаларымызды алаяқтар алдайды. Персонаждарын жетілдіру үшін, олардың күшін көбейту үшін сол себепті балалар келесі тур немесе конға өту үшін «персонажын мықты жасаймын» деп алаяқтарға ұрынып отыр. Ақша қаражатын шотынан тастай алмағандықтан ата-анасының шоттарынан аударып береді. 10 мың теңгеден бастап 1 миллион 250 мың теғгеге дейін алаяқтарға ақша ауырылған», – деді ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.

Мамандардың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнама балаларды интернеттегі қауіп-қатерден толық қорғай алмай отыр. Әсіресе кибербуллинг пен жеке деректердің сақталмайды. Өзекті мәселелер жиын барысында көтерілді. Сарапшылардың пікірінше, балалардың желідегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнамаға бірқатар нақты өзгерістер енгізу қажет. Осыған байланысты мамандар тарапынан айтылған бірқатар ұсыныс алдағы уақытта жаңа заң жобасын әзірлеу кезінде негізге алынбақ.

«Дөңгелек үстелде ЮНИСЕФ тарапынан өте өзекті мәселелер көтерілді. Киберсексуалды зорлық зомбылықты болдырмау мәселесі талқыланды. Заңнамада көп олқылық жіберілген. Бұл мәселе бойынша нормалар пысықталып, сарапшылардың тарапынан қосымша енгізілетін ұсыныстардың барлығы ескерілді», – деді Әлеуметтік жобалар және қоғамдық бастамалар орталығының сарапшысы Еңлік Байназарова.

Жиынның қорытындысында сарапшылар қауіпсіз және этикалық цифрлық орта қалыптастыру үшін бірқатар маңызды қадамдарды атады. Анығырақ айтқанда, ведомствоаралық үйлестіруді күшейту, ата-аналар мен балаларға тұрақты түрде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ заңнамалық және білім беру саласындағы реформаларды іске асыру қажет екені сөз болды.

Мәди Бижан, Астанадан

Оқи отырыңыз: Шымкентте заңсыз дәрілер саудаланып келген