Жаңа қағидалар 30 тамыздан бастап күшіне енеді
Денсаулық сақтау министрлігі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды профилактикалық медициналық қарап-тексеруден өткізу бойынша жаңа қағидаларды бекітті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тиісті бұйрыққа Денсаулық сақтау министрі 2026 жылғы 17 тамызда қол қойған. Жаңа қағидалар 30 тамыздан бастап күшіне енеді.
Бұл өзгерістер 1 айдан 18 жасқа дейінгі балаларды қамтиды. Профилактикалық медициналық қарап-тексеру бала тиісті жасқа толатын жылы жүргізіледі.
Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды тексеруді алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының мамандары тікелей білім беру ұйымдарында өткізеді. Қызметкерлер медициналық цифрлық жүйелер мен мобильді қосымшалар арқылы ата-аналарға тексеруден өту қажеттігі туралы алдын ала хабарлайды.
Балаларға қандай тексерулер жүргізіледі
Медициналық тексеруге дейін, алдымен баланың бойы мен салмағы өлшенеді. 5 жасқа дейінгі балалардың бас шеңбері де өлшенеді. 5 жастан бастап Кетле индексі есептелсе, ал 6 жастан бастап қан қысымы өлшенеді.
Сонымен қатар плантография, пульсоксиметрия және электрокардиография жүргізіледі. ЭКГ 10, 14, 15 және 16 жастағы балаларға жасалады. Жалпы қан және зәр талдауы 1 жаста, 2 жас 6 айда, 5, 10, 14 және 16 жаста жүргізіледі.
Ауыз қуысының профилактикалық тексеруіне де ерекше көңіл бөлінеді. 2 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға белгіленген жас кезеңдерінде стоматологқа жолдама беріледі.
Педиатр немесе жалпы практика дәрігері баланың денсаулық жағдайын, физикалық, психофизикалық және жыныстық дамуын бағалайды. Тексеру кезінде тыныс алу, қан айналымы, ас қорыту, жүйке және эндокриндік жүйелер, ЛОР ағзалары мен тері жағдайы да тексеріледі.
10 жастан бастап жыныстық даму деңгейіне көңіл бөлінеді. Ал қыздардың 12, 14 және 16 жасында репродуктивтік денсаулығы тексеріледі. Ауытқулар анықталған жағдайда бала акушер-гинекологқа жіберіледі.
6 жасқа дейінгі балалар үшін балалар хирургі, невролог, оториноларинголог, офтальмолог және стоматолог қатысатын мамандандырылған кезең қарастырылған.
Дәрігерлер зорлық-зомбылық белгілерін де анықтайды
Жаңа қағидаларға балаға қатыгездік көрсету белгілерін анықтау шаралары да енгізілді. Атап айтқанда, медицина қызметкерлері тәннің көгеруіне, байлау немесе күйдіру іздеріне, сондай-ақ қажетті күтімнің, тамақтанудың, медициналық көмектің және қауіпсіздіктің жоқтығы белгілеріне назар аударады.
Балаға қатыгездік көрсетілгені анықталған жағдайда, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы дәл сол күні ішкі істер органдарына және баланың құқықтарын қамтамасыз етуге жауапты жергілікті атқарушы органдарға хабарлауы тиіс.
Денсаулық жағдайының қандай топтары бар
Тексеру нәтижесі бойынша балалардың денсаулығы бес топтың біріне жатқызылады.
Баланың денсаулық тобына қарай дене шынықтырумен айналысу жүктемесі де анықталады. Бұл көрсеткіш негізгі топ, дене шынықтырудан босатылған топ т.б. түрлерге жіктеледі.
Тексеру нәтижелері негізінде пациенттің цифрлық маршруты автоматты түрде жасақталып, толықтырылады. Оған қосымша зерттеулерге, бейінді мамандардың консультацияларына жолдамалар және динамикалық бақылау да енгізіледі.
Ал профилактикалық медициналық қарап-тексеру нәтижелерін ата-аналар медициналық цифрлық жүйелер мен мобильді қосымшалар арқылы ала алады.
Сонымен қатар 15 жастан бастап ұл балалардың әскери комиссариатқа арналған қорытындысы мен ұсынымдары уәкілетті органның цифрлық жүйелерімен интеграциялау арқылы беріледі.
Оқи отырыңыз: Мектепке дайындық: ата-аналар қанша қаражат жұмсайды