Балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері ұсынылды
Депутаттық сауалда әлем елдерінің тәжірибесі де айтылған
Құрылтай депутаттары 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты бірқатар ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Депутат Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, әлеуметтік желі бүгінде балалардың бос уақытын өткізетін орта ғана емес, олардың психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және оқуына әсер ететін факторға айналған.
Депутаттық сауалда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне қатысты деректер келтірілген. 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтыған зерттеу нәтижесінде әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланатындардың үлесі 2018 жылғы 7%-дан 2022 жылы 11%-ға өскені анықталған.
Қазақстандағы жағдайға қатысты да алаңдатарлық көрсеткіштер бар. 2023 жылы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізілген зерттеу 9–10 жастағы балалардың 60%-ының, ал 11–12 жастағылардың 66%-ының әлеуметтік желілерде аккаунты бар екенін көрсеткен. Сонымен қатар балалардың 88%-ында жеке смартфон бар.
Балалардың цифрлық қауіпсіздігін күшейту ұсынылды
Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желіні шамадан тыс пайдалану баланың кітап оқуға, спортпен айналысуға, отбасымен қарым-қатынасқа және сабаққа дайындалуға бөлетін уақытын қысқартып, зейін қою мен ақпаратты терең қабылдауына әсер етуі мүмкін.
Сондай-ақ балалар әл-ауқаты индексіне сәйкес, 10-18 жастағы балалардың әлеуметтік желілер арқылы буллингке ұшырау көрсеткіші 2024 жылғы 15%-дан 2025 жылы 33,5%-ға өскен.
Депутаттық сауалда әлем елдерінің тәжірибесі де айтылған. Мәселен, Аустралия әлеуметтік желілерді пайдалану бойынша 16 жасты шек ретінде бекітті. Осындай шектеулерді басқа да мемлекеттер енгізіп жатыр.
Осыған байланысты Үкіметке 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылау, олардың жеке және цифрлық деректерін қорғау, мектептерде цифрлық гигиена мен медиасауатты жүйелі оқыту ұсынылды.
Сонымен қатар балалардың әлеуметтік желіні пайдалану деңгейі мен оның психологиялық денсаулығына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізу ұсынылды.
Депутаттар бұл шаралардың негізгі мақсаты балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алтынемелде қар барыстары фототұзаққа түсті