Балалардың ойын алаңы қауіпті аймаққа айналды: түркістандықтар дабыл қақты
Әкімдік өкілдері кепілдік мерзімі бітпеген бірнеше алаңды мердігерлерге жөндетіп жатқанын айтты
Балалардың ойын алаңы қауіпті аймаққа айналды. Түркістандық тұрғындар осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлердің ауласындағы балалар ойнайтын алаңшалардың сапасы сын көтермейді. Темірлері майысып, әткеншектері үзіліп тұр. Ал айналасында қоршау да жоқ. Ата-аналар бүлдіршіндерін аулаға жалғыз шығарудан қорқады.
«Барлығы үзілген, сапасыз салынған. Көп әткеншек сынып кеткен. Балаларға қауіпті. Олардың қасында міндетті түрде үлкендер жүрмесе, болмайды», – деді қала тұрғыны Іңкәр Сыздықова.
Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір өзекті мәселе – қақпақсыз жатқан құдықтар. Олардың ашық қалғанына бір жылдан асқан. Дәл іргесіндегі мектепке қауіпті көшемен күн сайын жүздеген оқушы өтеді. Ал ойын баласы құдықтарды тығылыспақ ойнайтын орынға айналдырған. Тұрғындар «109» бірыңғай байланыс орталығына талай рет шағымданғанымен, еш нәтиже шықпапты.
«Алдыңғы жылы бала ішіне түсіп кетті, өзіміз шығарып алдық. 2-3 жастағы балалар үңіліп қарайды, «әй» деп үлгермей қаласың, түсіп кетуі де мүмкін. Қанша рет 109-ға хабарластық, нәтиже болған жоқ», – деді қала тұрғыны Назерке Амангелді.
Ал әкімдік өкілдері кепілдік мерзімі бітпеген бірнеше алаңды мердігерлерге жөндетіп жатқанын айтады. Қалған жүздеген ауланың мәселесі тек келесі жылы шешіледі.
«Бүлінген, сынған жағдайда кепілдік мерзімі бар мердігерлерге арнайы ескерту хаттарын беріп, орындатып жатырмыз. Ал құрылыс нормаларына сай кепілдік мерзімінен асқан ойын алаңшаларымыз бар. Олардың биыл біршамасын жасадық. Қазір 200-ден аса ойын алаңын жөндеу, элементтері сынып, бүлінгендерді 2027 жылға жоспарға енгізіп жатырмыз», – деді Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі басшысының орынбасары Ержан Бекзатұлы.
Түсірілім тобы араласқаннан кейін қауіпті құдықтың беті жабылып, ретке келтірілді. Дегенмен тұрғындар мұндай мәселелер шағым мен қоғамдық сынды күтпей, дер кезінде өз шешімін тапқанын қалайды.
Нұркен Әкімхан, Түркістаннан
Оқи отырыңыз: Түркістан облысына келген саяхатшылар саны 43 пайыз артты