«Балам тірі, өз аяғымен жүр»: Каспий апатынан аман қалған сарбаздың анасы сұхбат берді

25.09.2026 19:50

Анасының айтуынша, отбасы қаралы хабарды ести сала бірден Ақтауға жолға шыққан

azh.kz

19 жастағы Бекет Мырзагалиевтің анасы «Ак Жайык» басылымына ұлының ауруханаға жатқызылмағанын және қазір өзін жақсы сезініп жүргенін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Қайғылы оқиғадан кейінгі алғашқы сағаттарда ақпарат өте аз болды. Туыстары оның аман қалғанын ғана біліп, оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілді деп топшылаған. Тек таңертең Ақтауға келіп, ұлын өз көзімен көргеннен кейін ғана отбасы оның ауруханаға жатпағанын білді.

Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде орын алды. Оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі аман қалған.

Бекет Атырау облысы Махамбет ауылының тумасы. Ол мерзімді әскери қызметке 2025 жылдың 3 қазанында аттанып, Ақтаудағы №29011 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген.

Анасының айтуынша, отбасы қаралы хабарды ести сала бірден Ақтауға жолға шыққан.

"Шүкір, балам тірі. Таңертең Ақтауға келіп, оны көрдік. Ол аман-сау, өз аяғымен жүр. Балам жағаға өз күшімен шыққан. Қалған мән-жай тексеру жұмыстары аяқталған соң белгілі болады деп ойлаймын. Біздің балаларымыз әлі тым жас, бастан кешкен  жағдай олардың жадында өмір бойы қалады", – деді Қарлығаш Мырзагалиева.

Сондай-ақ ол қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты.

"Бұл – бүкіл Қазақстан үшін өте ауыр трагедия. Ата-аналардың қазір не сезініп жатқанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Шын жүректен қаза тапқан жігіттердің ата-анасына көңіл айтамын. Ешбір отбасы мұндайды бастан кешпесін", – деді ол.

Оқиғаның мән-жайы тергеу аясында анықталып жатыр.

Оқи отырыңыз: Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына жиналған қаражатты арнайы комиссия бөледі

Толық көрсету