"Балаңыз дуаланған": полиция алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті

04.09.2026 12:03

Алаяқтар, әдетте, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы байланысады

Аlmaty.tv

Қазақстанда алаяқтар адамдардың қорқынышы мен алаңдаушылығын пайдаланып, ақша алудың жаңа тәсіліне көшкен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ішкі істер министрлігінен хабарлағандай, соңғы уақытта интернетте өзін «емші», «көріпкел» немесе «балгер» ретінде таныстырып, азаматтарға «балаңыз қатты дуаланған» деп хабарласатындар көбейген. Олар кейін «дуаны қайтаруды» немесе «ем жүргізуді» ақылы түрде ұсынып, ақша талап етеді.

Алаяқтар, әдетте, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы байланысады. Олар түрлі «белгілерді» айтып, жағдайдың өте күрделі екеніне сендіреді. Одан кейін «ем жүргізу», «дуаны қайтару» немесе арнайы заттарды сатып алу үшін ақша аударуды сұрайды.

Полиция тұрғындарға мынадай кеңес береді:

  • интернеттегі бейтаныс адамдардың «емдеп жазу», «көз тиюден арылту» туралы уәделеріне сенбеңіз;
  • таныс емес адамдардың есепшоттарына ақша аудармаңыз;
  • жеке деректеріңізді, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге айтпаңыз;
  • қорқынышқа бой алдырмай, күмәнді ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеріңіз;
  • алаяқтыққа тап болсаңыз, хат алмасу тарихын және ақша аударылғаны туралы түбіртектерді сақтап қойыңыз.

Полиция алаяқтар адамдардың сенімі мен қорқынышын пайдаланып, ақша иемденуге тырысатынын еске салды.

Егер сізден осындай жолмен ақша талап етсе немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз.

Оқи отырыңыз: Алматыда Энрике Иглесиастың концертінен кейін тегін шаттлдар ұйымдастырылады

Толық көрсету