Баласы бар екенін түсінбейді: Таразда зорлық көрген 14 жастағы мүгедектігі бар қыз босанды

15.06.2026 20:59

Ақыл-есінің дамуында кінәраты бар 14 жастағы жасөспірім 1 жыл бұрын бірнеше адамнан зорлық көрген

Қордайда 14 жастағы жасөспірім дүниеге сәби әкелді. Бір жыл бұрын ауылдастарынан зорлық көрген ақыл есінде кінәраты бар қыз Тараз қаласында босанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дәрігерлер ана мен баланың жағдайы қалыпты екенін айтады. Алайда қорлық көрген баланың отбасы әділдікке әлі қол жеткізе алмай, керісінше қысым көрдік деп отыр. Almaty.tv тілшісі бірнеше ай бұрын аталған тақырыпты көтерген Ал бүгін жаға ұстатарлық оқиғаның ізімен Қордайға тағы да барды

Жуырда немересін перзентханадан алып шыққан Гүлшад Өркенбаева бүгінде нәрестенің қамымен қатар, босанған қызының құқығы үшін де күресіп жүр. Ақыл-есінің дамуында кінәраты бар 14 жастағы жасөспірімнің  1 жыл бұрын бірнеше адамнан зорлық көргені жайлы ақпар таратқанбыз. «Олардың ішінде қыздың психикалық жағдайын теріс пиғылына асырған қатарластары, күзетші және медициналық мекеме қызметкері де бар» деген дерек айтылды. Содан бері істе ілгерілеу жоқ көрінеді. Анасының айтуынша, әділдікке жете алмай жүрген отбасы тергеудің мән-жайынан мүлде хабарсыз, тіпті қорғаушысы да жоқ екен.

Қылмыстық іс материалдарында көрсетілген деректердің бірі – қалалық саябақтардың бірінде болған топтық сипаттағы зорлық-зомбылық факті. Тергеу мәліметінше, бұл іске екі күдікті қатысы болуы мүмкін. Іс құжаттарына сәйкес, зорлық әрекеттері дәретхана ішінде жасалған деген болжам бар. Жәбірленушінің туыстары күдіктілердің кінәсін мойындағанын айтады. Алайда қазір іс бір ғана бап бойынша жүргізіліп жатыр.¤

«Күдіктілерге ешкім шара қолданып жатқан жоқ. Олар бостандақта тайраңдап жүр Олар қызыма тиіскенін мойындаған. Қордай ауданының прокуратурасының айтуынша, сараптамада «қыздың бет-әлпеті 18-20 жасқа ұқсайды» делінген. Содан кейін қылмыстық іс тоқтатылды. Тараздан қызым босанып келді, баласының барын түсінбейді, өзі де бала болып ойнап жүр. Арасында «менің балам ба, мама?»  деп құшақтап, сүйіп қояды», – деді жәбірленушінің анасы Гүшад Өркенбаева.

 Құқық қорғау органдары түсірілім тобына «нәрестенің дүниеге келгенін күтіп отырмыз» деген. Өйткені сәбидің ДНҚ сараптамасы істегі көптеген сұраққа жауап беруі тиіс. Алайда қорлық көрдім деген баланың анасы сәбидің  биологиялық әкесін ғана емес, қызды жыныстық қатынасқа итермелеген деп күдікке ілінгендердің бәрін тергеп, жазалауды сұрап отыр. Қазір бұл дерек бойынша 7 адам күдікті деп танылған.

«Іс аясында дәлелдеме жиналып, зерделеніп сондай-ақ модульдік генетикалық сараптамалар тағайындалды. Соның қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады. Қылмыстық іс жабылмайды, қылмыс тергелуде. Тиісті сараптамалардың бәрі тағайындалған. Молекулалық-генетикалық сараптама, сарапшылардың қорытындысы қалай беріледі, сонымен шешім қабылданатын болады. Сараптама тергеу амалдарын жүргізіп жатқан әрбір азаматтан алынып жатыр», – деді Қордай ауданы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ғазиз Бектұрғанов.

Ойын баласы ана атанғанын әлі түсінбейді. Анасының айтуынша, ІІ топ мүгедектігі бар 14 жастағы қыз нәрестеге өмір сыйлағанын толық сезіне қоймаған, әлі күнге дейін қуыршақ ойнап жүр. Енді Гүлшад Өркенбаева қызының өмірін ойран еткендердің заң алдында қатаң жауап беруін талап етеді. Қазір тергеу аясында нәресте мен күдіктілерден биологиялық үлгілер алынып, ДНҚ сараптамасын жүргізу үшін Шымкент қаласына жіберілген. Сол қорытынды істің ақ-қарасын анықтауға негіз болмақ.

Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы, Жамбыл облысы

Оқи отырыңыз: Әл-Фарабидегі жантүршігерлік апат: айыпталушы Пак алғаш рет жауап берді