Марқұмдардың жақындарының Александр Пакты кешіруі халық арасында түрлі пікір туғызған
«Тежегіш істемей, қарсы бағытқа шығып кеттім». Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына кінәлі деп айыпталған Александр Пак осылай дейді. Бүгінгі сот отырысында іс материалдары толықтырылып, тергеу барысында жиналған жаңа деректер жарияланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Cот залында Александр Пактың орны қаңырап бос тұрды. Өйткені ол аяғындағы ауыр жарақатқа байланысты процеске онлайн қатысуға рұқсат алыпты. Десе де, бүгінгі отырыста айыпталушы алғаш рет апаттың мән-жайын толық баяндап берді. Сөзінше, қайғылы жағдайдан бірер минут бұрын көлігінде ақау барын көрсететін белгі пайда болып, тежегіші істемей қалған.
«Әл-Фараби даңғылына жақындағанда көліктің панелінде үш-төрт ескерту шамы жанды. Артынша бұрылғаннан кейін көлігім тайғанай бастады. Бұған дейін BMW көлігіммен де дәл осындай жағдай болған. Алайда ол кезде жылдамдықты арттырғанда, бәрі қайта қалпына келетін. Осы жолы дәл сол іс-әрекетті қайталадым. Бірақ көлігім басқаруға келмей, тізгін солға қарай тартып, қарсы бағытқа өтіп кетті. Тежегіштер жұмыс істемеді. Көзімді ауруханада бір-ақ ашып, үш адамның қаза тапқанын сол жерде естідім», – деді айыпталушы Александр Пак.
Осылай деп көзіне жас алған Пак жауапкершіліктен жалтармайтынын айтып, жасаған ісі үшін кез келген жаза арқалауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ бүгінгі отырыста марқұм Еламан Тілемесовтің ағасы Қанат Тілемесов куәлік етіп, айыпталушыға қатысты ешқандай талап-арызы жоқ екенін және оны кешіргенін айтты.
«Арыз жаздық и өзімен болған құжаттарын, телефон, сағатын, киімін алдым. Талап арызымыз жоқ. Кешірім бердік қой, ары қарай заң қалай шешеді солай болады», – деді жәбірленуші Қанат Тілеміс.
Марқұмдардың жақындарының Александр Пакты кешіруі халық арасында түрлі пікір туғызған. Алайда жәбірленуші тараптың адвокаты Гүлмира Бабажанова қаңқу сөздерді жоққа шығарды. Оның айтуынша, қос тарап өзара мәмілеге келіп, айыпталушы моральдық және материалдық шығынды ғана өтеген.
«Материалдық шығын өндірілген, бірақ қандай сумма екендігін мен сіздерге айта алмаймын. Бірақ әлеуметтік желіде айтылып жатқан қаражат төленген жоқ. Өз еркімен көмек жасады, кешірім сұрады. Сотқа дейінгі тергеп тексеру кезінде олар кешірім бермеген, соттың басталуына үш күн қалғанда шешім қабалдады», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Гүлмира Бабажанова.
Сондай-ақ сот отырысында химиялық-токсикологиялық сараптаманың нәтижелері айтылды. Онда айыпталушының қанындағы алкоголь мөлшері 1,3 промилле болғаны көрсетілген. Іс материалдарында мейрамхананың түбіртегі де тіркелген.
Айта кетейік, алдыңғы сот процессінде куәгерлер дастарханда ішімдіктердің болғанын растаған. Дегенмен олар нақты кімнің не ішкенін еске түсіре алмаған.
Ербол Медетбек, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Жанармай бекетіндегі жарылыс: мекеме директоры 3,5 жылға сотталды