Баласы Жайық өзеніне батып, көз жұмған Мерлан Санаттың туыстары әділдік талап етіуде

13.04.2026 19:51

Анаргүл Қасантаеваеың айтуынша, ұлы Мерлан Санатты қасқана өлтірген қылмыскерлер бостандықта жүр

Атырауда Жайық өзеніне батып көз жұмған Мерлан Санаттың  туыстары әділдік іздеп, Бас прокуратурадан көмек сұрайды. Қара жамылған отбасы 14 жастағы ұлымды өлтіргендер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі жыл бұрын кенже ұлын жер қойнына тапсырған Анаргүл Қасантаева әділдікке қол жеткізе алмай жүр. Айтуынша, ұлы Мерлан Санатты қасқана өлтірген қылмыскерлер бостандықта жүр. Марқұмның отбасы тергеудің басқа баппен қаралуын талап етеді.

«Менің баламды 21 тамызда Жайыққа итеріп, қайтыс болды. Оны итеріп жіберген Бисембаев Жанұзақ бостандықта жүр. Менің талабым 104-бапты 99-бапқа ауыстырып, іс қайта қаралсын. Өйткені, Бисембаев 60 мың төлеп, полицияның тіркеуіне қойылған. Ол күдікті деп танылып отыр. Күдікті болмаса неге 60 мың теңге штраф төлеп, полиция тіркеуіне алынады. Екіншіден, кәмелетке толмаған кейбір балалар олардың ата-аналары Жайыққа итеріп жібергенін хабарламағаны үшін жауапқа тартылсын. Баламды өлтіргендердің жабасы бар. Барлығы экспертиза тағайындалып, қаралсын», – деді марқұмның анасы Анаргүл Қасантаева.

 Қайғылы оқиға 2024 жылы тамызда Жайық өзенінің жағасында болған. Марқұмның туыстары Мерлан Санаттың жүзе алмайтынын әрі көзінің нашар көретінін білген үлкен сыныптағы оқушылар оны су айдынына итеріп жібергеніне сенімді. Сорақысы, күдіктілер тіпті марқұмның әпкесіне де бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетіп, қысым жасаған көрінеді.

«Менің қызым қатты күйзеліске түсті. Бисембаев Жанұзақ паралель сыныпта оқиды. Қызыммен баспалдақта кездесіп қалғанда, «ендігі кезек сенікі» депті. Қзым бір жыл сабаққа барған жоқ», – деді марқұмның анасы Анаргүл Қасантаева.

 Ал жәбірленуші тараптың адвокаты барлық дәлел-айғақтар болған соң, істі Бас прокуратураға қайта қарауға жіберетінін жеткізді.

«Жәбірленуші тарапта 99-бап бойынша, яғни қасақана баланы итергенін және оны дәлелдейтін жеткілікті айғақтар бар.. Сондықтан, Бас прокуратурадан істі қайта ашып, 99-баппен саралауды талап ететін боламыз», – деді жәбірленуші тараптың заңды өкілі Инга Иманбай.

 Ал  полиция кылмыстық істің не үшін тоқтатылғанын былай деп түсіндірді.

 «2024 жылы Жайық өзенінен 14 жастағы жасөпірімнің табылған мүрдесіне қатысты абайсызда адам өліміне әкеп соғу дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді терегу амалдарының нәтижесінде оқиғаға қатысы барлық тұлғалар анықталып, жауаптары алынып, тиісті сараптама тағайындалды. Қылмыстың тергелу нәтижесінде күдікті деп танылған жасөспірімнің қылмыстық жауапкершілікке жасы жетпеуіне байланысты 35- баптың, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тоқтатылған», – деді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Мерлан Санат - екі қыздан кейінгі үйдің кенжесі. Қайғыдан қан жұтқан отбасы істі соңына дейін жеткіземіз деп бекініп отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау

Оқи отырыңыз: Оралда педагог 5 мектепте 64 сағатқа дейін жүктемемен жұмыс істеген