Референдумға дейін:
21
күн
9
сағат
29
минут

Балшыққа белшеден батып жүрміз: Алматы облысының тұрғындары көшені жөндеуді талап етіп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Балшыққа белшеден батып жүрміз». Бұл — Алматы облысы, Шалқар ауылы тұрғындарының жанайқайы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Шалқар ауылының Жаңа Құрылыс аумағында 7 көше, 400-ден астам отбасы тұрады. Алайда елдімекен өркениеттен өгейлік көріп отырғандай. Жаңбыр жауса не қар ерісе, айнала ми батпаққа айналады. Ақ көйлек киіп жүрген оқушылардың мектепке жетуі азапқа айналған. Ал дәл осы көшеде көлік тұрмақ, жаяу жүргіншілердің өздері аяғын әрең алып жүреді.

Тұрғындардың айтуынша, 2024 жылы өз қаражатына асфальт төсеп алған. Алайда ауылда кенеттен су құбырларын жаңарту жұмыстары басталып, 2025 жылдың күзінде жаңа жолдың тас-талқаны шыққан. Табанға жабысып, аяқтан тартқан батпақ тұрғындардың жүйкесіне әбден тиіп болған. Күн сайын лай кешкен жұрттың тұрмысы қиындап, берекесі қашқан. Тіпті жедел жәрдем шақыра алмай, аяғына резеңке етік киюге мәжбүр.

«Үйде қамалып отырмыз. Қыста қыс дедік, бүкіл жер ойылып жатыр. Барлық үйде мүгедек балалар, үлкен кісілер бар. Есіктің алдына шыға алмайды. Жолды жөндесін», – деді Шалқар ауылының тұрғыны Гүлжанат Махамбетова.

«Болашақ көшесінде жүру мүмкін емес. Мердігерлер «су жүргіземіз» деп жолдың бәрін былтыр қазды да ойып-ойып кетті. Содан бері жол жасау, жүру мүмкін емес. Қарапайым халық өзінің ақшасымен жасаған жолды мердігерлер түгел қазып тастады. Көшемізге асфальт төсеп, көшенің электр жарығын орнатысн, аялдама, балалар алаңы керек», – деді Шалқар ауылының тұрғыны Мәрия Исаева.

Ал әкімдік өкілдері мен жауапты мердігер компания түсірілім тобы келді дегенді ести сала оқиға орнына келді. Ақжағалылар жылдың соңына дейін су құбырларын толық ауыстырып, жолға қайтадан асфальт төсейміз деп уәде беріп отыр. Ал әзірге көшелерге құм тас төселіп, уақытша ретке келтірілмек.

«2025 жылы сәуір айында басталған жұмыс  2026 жылдың желтоқсан айында бітеді деп келісілген. Бірақ 2 ай ерте бітіріп берсек деген үміт бар. Қазіргі таңда мына тұрғындардың талап арыздары ескеріліп, тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді мердігер компания директорының орынбасары Айбар Белгібаев.

Айта кетейік, Шалқар ауылында жолдан бөлек түйткілді өзге де мәселе жетерлік. Ауыз су тапшылығы, электр жарығының жиі сөнуі, қаңғыған иттердің көбеюі барлығы қордаланған проблеманың бір парасы ғана. Ашынған жұрт мәселе жыл аяғына дейін оң шешімін таппаса, Бас прокуратураға жүгінеміз деп отыр.

Мәди Мәлік. Ернат Болатбек  
Оқи отырыңыз: 
Елімізде қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар мектептен уақытша шеттеледі

Новости партнеров