Алматыда балалар бар кез келген мекеме алдын ала ескертусіз тексерілуі мүмкін

РСК Алматы
РСК Алматы

Бүгінде мегаполисте 688 887 бала тұрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда балалардың құқығын қорғау жүйесіне жаңа тәсіл енгізілуде. Енді қиын жағдайға тап болған отбасы әртүрлі мемлекеттік органдарға өз бетінше жүгінудің орнына кешенді қолдау алады. Әрбір балаға арнайы кейс-менеджер бекітіліп, ол әлеуметтік қызметкерлердің, психологтардың, дәрігерлердің және құқық қорғау органдарының жұмысын үйлестіретін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтбаева мәлімдеді, - передает Almaty.tv.

Оның айтуынша, Балалардың құқығын қорғау басқармасының құрылуы – кезекті әкімшілік реформа емес, балалардың құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа кезеңі.

«Бұл жерде жаңа мемлекеттік орган құру ғана емес, әлдеқайда маңызды өзгерістер туралы сөз болып отыр. Алғаш рет заңнамалық деңгейде өңірлік балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкілетті органдардың мәртебесі бекітіліп, олардың өкілеттіктері, функциялары мен жұмыс тетіктері нақты айқындалды. Осылайша мемлекет балалардың құқығының бұзылуын дер кезінде анықтауға, туындайтын қауіп-қатерге жедел әрекет етуге және әрбір баланы жан-жақты қорғауға мүмкіндік беретін заманауи құқықтық негіз қалыптастырды», – деді Жанат Айтбаева.

Жаңа заң Басқарманың өкілетілігін айқындап, жұмыстың бірыңғай стандарттарын бекітті және кейс-менеджмент институтын енгізді. Енді басқарма қызметкерлері балалар болатын мемлекеттік органдарға, мектептерге, балабақшаларға, медициналық және әлеуметтік мекемелерге кедергісіз кіріп, балалардың құқығының сақталуын тексере алады. Олардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бүгінде Алматыда 688 887 бала тұрады. Басқарма басшысының айтуынша, мегаполиске құқық бұзушылықтардан кейін әрекет ететін емес, олардың алдын алуға бағытталған заманауи жүйе қажет.

Басқармамен бірлесіп Балалардың құқығын қорғау орталығы жұмыс істейді. Бекітілген нормативке сәйкес, бір маман ең көбі бес мың баланы сүйемелдейді. Бұл өтініштерге жедел ден қоюға, отбасындағы қолайсыз жағдайды ерте анықтауға және мәселе дағдарысқа ұласқанға дейін көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Ең маңызды жаңашылдықтың бірі – кейс-менеджмент жүйесінің енгізілуі. Енді отбасы қажетті мемлекеттік органдарды өздігінен іздеп, олардың жұмысын үйлестіруге мәжбүр болмайды.

«Бүгінде бала бір мемлекеттік органнан екіншісіне барып, әр жолы өзіне көмек қажет екенін қайта-қайта дәлелдеуге тиіс емес. Керісінше, мемлекеттік органдардың өзі баланың мүддесі төңірегінде бірігіп, үйлесімді әрі жедел әрекет етуі қажет», – деді Жанат Айтбаева.

Көмекке мұқтаж әрбір балаға кейс-менеджер бекітіледі. Ол отбасыны қолдаудың жеке жоспарын әзірлеп, психологтардың, педагогтердің, әлеуметтік қызметкерлердің, медицина мамандары мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өзара іс-қимылын ұйымдастырады және барлық қолдау шараларының орындалуын бақылайды.

«Біздің басты мақсатымыз – мәселені дер кезінде анықтап, дағдарысқа дейін отбасына қажетті көмек көрсету және мүмкіндік болған жағдайда баланың өз отбасында қалуына жағдай жасау», – деп атап өтті Басқарма басшысы.

Жұмыстың тағы бір негізгі бағыты – 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру. Құжат балаларды қорғаудың профилактикалық моделін дамытуға, отбасыларды сүйемелдеудің цифрлық сервистерін енгізуге, психологиялық көмекке қолжетімділікті кеңейтуге, қорғаншылық және қамқоршылық жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ отбасы институтын нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар Алматыда «Алматы – қауіпсіз балалық шақ» басқармааралық жобасы іске қосылады. Оған полиция, прокуратура, тиісті басқармалар, аудан әкімдіктері, үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер, сарапшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.

Жоба тұрақты негізде жүзеге асырылады және баланың өмір сүретін барлық ортасын қамтиды: отбасыны, мектеп пен балабақшаны, спорт секцияларын, қосымша білім беру ұйымдарын, қоғамдық орындар мен цифрлық кеңістікті. Оның мақсаты – балалардың құқығының бұзылуына қатысты сигналдарға жедел әрекет ету ғана емес, ықтимал қауіптердің алдын ала анықталуын қамтамасыз ету.

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жаңа пәндер енгізіледі. 5–7-сынып оқушылары «Конституция негіздері», ал 8–9-сынып оқушылары «Заң және тәртіп» пәндерін оқиды. Сонымен қатар «Жеке қауіпсіздік» бағдарламасы толық жаңартылады. Сабақ барысында балалар буллинг пен кибербуллингке, интернет-алаяқтыққа қарсы әрекет етуге, жеке деректерін қорғауға және қауіпті жағдайда дұрыс іс-қимыл жасауға үйренеді.

Жанат Айтбаеваның айтуынша, барлық өзгерістің түпкі мақсаты – балаларға көрсетілетін көмекті барынша түсінікті әрі қолжетімді ету.

«Ең бастысы – қала тұрғындары нақты өзгерістерді сезінуге тиіс. Бұл – көмек алудың түсінікті әрі қолжетімді тәртібі, отбасын сүйемелдеудің бірыңғай маршруты, балалар құқығының бұзылуына қатысты сигналдарға жедел әрекет ету, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және басқармааралық өзара іс-қимылды күшейту. Дәл осындай практикалық тәсіл жаңа Басқарма қызметінің негізіне айналады», – деді ол.

Басқарма басшысы көмекке 111 бірыңғай байланыс орталығы арқылы жүгінуге болатынын да еске салды. Бұл нөмірге тұрмыстық зорлық-зомбылық, қатыгездік немесе балаға қорғау қажет кез келген жағдай туралы хабарлауға болады.

«Қоғамның араласуынсыз ешбір мемлекеттік жүйе толыққанды тиімді бола алмайды. Баланың қауіпсіздігі – әрбір ересек адамның жауапкершілігінен басталады. Кейде дер кезінде жасалған бір ғана қоңырау қайғылы жағдайдың алдын алып, зорлық-зомбылықты тоқтатып, баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін», – деп түйіндеді Жанат Айтбаева.

Оқи отырыңыз: Более 2 млн дистанционных медуслуг оказали казахстанцам с начала года