Маман тапшы: су шаруашылығы мамандықтарына оқу гранты екі есеге артты

Қазақстанда су саласында еңбек ететін мамандар үшін жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Су шаруашылығында қазір 1000-ға жуық маман жетіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа су нысандарының салынуы мен сала қызметкерлерінің зейнет жасына жақындауы бұл тапшылықты одан әрі күшейтіп отыр. Жүргізілген талдауларға сәйкес, алдағы 4-5 жылда шаруашылық мамандарына қажеттілік 2000 адамға дейін артуы мүмкін. Осыған орай, Су ресурстары және ирригация министрлігі саланы білімді кадрлармен қамтамасыз ету бағытында нақты шараларды ұйымдастыруға көшті.

Атап айтқанда, маман даярлау үшін бөлінетін оқу гранттарының саны былтырғыға қарағанда екі есеге артқан. Сондай-ақ жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру үшін қайта даярлау мен қысқамерзімді оқыту курстары ұйымдастырылмақ.

«2025-2026 оқу жылына гидрогеология және гидрология сияқты пәнаралық мамандықтарды есептемегенде барлығы 1052 грант бөлініп отыр. Салыстыру үшін  бір жыл бұрын су саласының мамандықтарына 618 грант бөлінген болатын. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті алғаш рет «Гидромелиорация» мамандығы бойынша студенттерді қабылдауды жоспарланып отыр», – деді  «ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова.

Сондай-ақ Қазақстанда су саласында еңбек ететін мамандар үшін жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Бұл бастама «Отбасы банк»  тарапынан «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асып отыр. Енді аталған сала қызметкерлері баспананы жеңілдетілген шарттармен сатып ала алады. Бұдан бөлек, аталған салада қызмет ететін жандардың жалақысы өсетінін де айта кетейік. Өзгерістер сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін 25 мыңнан астам қызметкердің айлығын арттыруға мүмкіндік береді.

«Келесі мәселе – еңбек ақыны көтеру. Су шаруашылығы мамандарының электр және жылу энергетика салаларының жалақы деңгейімен теңестіру мақсатында өткен жылы министрлік «Табиғи монополиялар туралы» ҚР заңына өзгертулер енгізу бойынша жұмыстарды бастады. Биыл  маусым айында заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойып, нәтижесінде су саласындағы мамандардың жалақысы көтерілді», – деді Ләззат Жүсіпова.

Оқи отырыңыз: Лотос гүлдеді: Көз тартар сұлулықты 5 мыңға жуық турист тамашалады

Новости партнеров