Банк шоты бұғатталған адам қалай өмір сүреді - депутат
Қазақстанда проблемалық кредиттің көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен
Қазақстанда проблемалық кредиттің көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен. Ал қарызын өтей алмаған 1,5 миллионнан астам азаматтың банк шоты бұғатталған. Мұндай деректерді Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол Ұлттық банк төрағасына сауал жолдап, берешекті өндірген кезде адамның барлық қаражатын бұғаттамай, оның өмір сүруіне қажетті ең төменгі сомасын сақтауды сұрады. Депутаттың айтуынша, қаражат несие шартында нақты көрсетіліп, шотқа шектеу қойылған кезде автоматты түрде қолжетімді болуы керек.
«Қазір төлемнің көбі цифрлық түрде жасалатынын ескерсек, шотына шектеу қойылған адам қалай өмір сүреді? Жол ақысын, байланыс, су, жарық, жылу ақысын қалай төлейді? Азық-түлік, дәрі-дәрмекті қалай сатып алады? Аяқ-қолын матап тастап, адамнан жүгіруді қалай талап етеміз? Тапқан табысы қолына тимейтін адамның еңбекке ынтасы жоғалады. Қарызды тұрақты табысы бар азамат қана өтей алады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін айдай анық ақиқат», – деді ҚР Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов.
Оқи отырыңыз: Халық салалық дәрігерлерге жазылу үшін әбігерге түседі - депутат