Биыл 16 қыркүйектен бастап жеке шотын бөгде адамдарға қылмыстық мақсатта пайдалануға бергендер қылмыстық жауапкершілік тартылады
Ішкі істер министрлігі банк шотын есірткі сатушыларға сыйақы үшін берген 10 адамды анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құзырлы органның дерегінше, Оралда 18 жастағы жігіт зиянды зат сататын қылмыстық топқа картасын әдейі берген. Олар оны 2 ай бойы пайдаланған. Күдікті ұсталып, кінәсін мойындаған. Сондай-ақ Семейде де есірткі сатушылар 23 жастағы тұрғынның банк реквизитін ақша шешіп алу үшін 3 ай пайдаланған. Ал Атырау облысында 21 жастағы қыздың жеке шотынан 400-ден астам ақша аударымы жасалған. Ол да сыйақы үшін қылмыстық топқа банк картасын ұсынған.
Айта кетейік, биыл 16 қыркүйектен бастап жеке шотын бөгде адамдарға қылмыстық мақсатта пайдалануға бергендер қылмыстық жауапкершілік тартылады.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1 бабы бойынша қылмыс жасағаны үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлдан бастап 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитеті қылымысқа қатыспауды, банктік картаңызды, логиндеріңізді, парольдеріңізді және шоттарыңызға кіру деректерін бөгде адамдарға тіпті ақша үшін де ешқашан бермеуді ескертеді», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды