Заң бойынша берешекті өтеудің 3 әдісі ұсынылады
Қазақстанда банкроттыққа өтініш беруге ниетті азаматтар қатары артып келеді. 124 мыңнан астам өтініштің тек 17 мыңнан астамы мақұлданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Халықтың кредиттік жүктемесін азайту бағытында қолға алынған Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы былтыр көктемде іске қосылған. Содан бері ел азаматтарынан 124 мыңнан астам өтініш түскен. Статистикаға сәйкес, олардың 93 мыңнан астамы қанағаттандырылмаған, 17 мыңнан аса өтініш мақұлданып, әлі 4 мыңға жуығы қаралып жатыр. Өтінімдерді қабылдамаудың негізгі себептері өтініш берушінің атында мүлкі болуы, мерзімі мен қарыз берешегі сомасының сәйкессіздігі. Банкроттыққа өтінім берушілердің жасына келер болсақ, 18-41 жас аралығындағы 73 азамат, 42-65 жас аралығында 48 мыңнан астам, 66-88 жас аралығындағы азаматтар 2,5 мың өтініш жіберіпті. Банкроттыққа өтінім берген өңірлер ішінде Түркістан облысы көш бастап тұр. Одан кейін Жамбыл облысы. Үшінші орында Қызылорда облысы тұр.
Қаржы мамандарының пікірінше, заң жобасын дұрыс зерттемегендіктен азаматтар осындай жағдайға ұшырап отыр. Заң бойынша берешекті өтеудің 3 әдісі ұсынылады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот арқылы банкроттық. Экономистер Қазақстанда заң алғаш рет қабылданып отырғандықтан, шикіліктің болуы заңдылық деп отыр. Оның айтуынша, қаржы министрлігі кейбір рәсімдерді жеңілдетуді ұсынып отыр. Мәселен жалғыз баспанасы бар азаматтың өтініш бере алу мүмкіндігі. Қаржыгер маманның айтуынша, қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан азаматтарда осындай қиындықтар жиі туындайды.
"Азаматтар қаржылық сауаттылыққа жаппай үйрену үшін үгіт насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Бізде қаржылық сауаттылыққа үйрететін орталық көп. Алайда тәжірибе көрсеткендей, ол жерлерге кәсіп үйренгісі келетін жандар ғана барады. Халықтың басым бөлігі ондай орталықтарға бармайды. Ынтасы жоқ. Азаматтардың қаржылық дағдарысының себебі де – осы. Базалық білімнің жоқтығы. Кредит алған кезде де сауаттылықтың жоқтығынан зардап шегеді", – деді экономист Бақытжан Омаров.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қаржылық сауаттылықты арттыру қажет. Экономистің пікірінше, осылай ғана халық қарыз қыспағынан шыға алады. Ал жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасына әлі де түзетулер енгізілетіні анық.
Оқи отырыңыз: Елімізде жолаушылар вагондарының паркі жаңартылады