Елімізде жолаушылар вагондарының паркі жаңартылады

Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жолаушылар вагондарының паркі жаңартылады. Ауқымды жобаны іске асыру үшін келер жылы Астанада жаңа өндіріс іске қосылмақ. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Отандық машина жасау өндірісі тұралап тұр. Қазіргі күні саладағы өзекті мәселе  – техникалардың тозуы. Көлік құрастыру ісінде құрал-жабдықтардың 40 пайызға жуығы әбден ескірген. Бір ғана темір жолдың өзіндегі көрсеткіш көңіл көншітпейді. Алдағы 6 жылда елде 800-ден астам жолаушылар вагоны пайдаланудан шығарылуы мүмкін деген де болжам бар. "Кезек күттірмей жаңалауға кірісеміз" деп сендірген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев "Қазақстан темір жолының" швейцариялықтармен келісімшартқа отырғанын жеткізді.

"2025 жылы Астанада «Штадлер Қазақстан» зауытында швейцариялық жолаушылар вагондарының өндірісі іске қосылады. Біз жұмыстарды пысықтап жатырмыз. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 100 вагонды құрайды. Мұнда жолаушы вагондары өндірілетін болады. 2030 жылға дейін осы зауыт арқылы керек-жарақпен қамтамасыз етілетін боламыз. Петропавл қаласында жұмыс істеп тұрған "ЗИКСТО" кәсіпорны бар. Оның қуаттылығы – 300 жолаушы вагоны", – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Министр теміржол вагондарын шығарудың әлеуеті үлкен деп отыр. Себебі қазір қолданыстағы жылжымалы құрам паркі 139 мың бірлікті құрайды. Таяу болашақта локомотивтердің өндірісін 128 бірлікке ұлғайту жоспарланған.

Үкімет отырысында отандық көлік шығару ісін дамыту жағдайы да талқыланды. Қанат Шарлапаев соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша 82 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылғанын айтты. Салаға тартылған инвестиция 124 млрд теңгені құрап отыр.

"Соңғы 5 жылда машина жасау үш есеге өсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі 4 трлн теңгеден асты. Былтыр машина жасау саласына шамамен 621 трлн доллар тікелей инвестиция тартылды. Бұл –рекордтық көрсеткіш. Қазақстанда машина жасау өнімдерінің нарығы 31,6 млрд долларға бағаланады", – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Отандық машина жасау әлеуетін белсенді түрде пайдаланып, жаңа технологияларды енгізу керек. Жиында Үкімет басшысы сала министріне осындай тапсырма жүктеді. Сондай-ақ шағын торапты құрастыру, техника өндірісін ұлғайтуға баса назар аударылып отыр. Бұдан былай елімізде машина жасау өндірісін дамыту мақсатында бірлескен кәсіпорындар құрылады. Ол үшін Қазақстанда жаңа зауыттар салуға құлықты және қаржы құюға дайын инвесторлар сұраныс білдіріп жатыр.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Отандық өнім: елде 8000-нан астам жеңіл автокөлік шығарылды

 

Новости партнеров